Қоғам

Салық төлемеген 10-нан аса петропавлдықтың көлігі айып тұрағына қойылды

Петропавлда көлік салығын төлемеген жүргізушілерге шара қолдану мақсатында рейд жүргізіліп жатыр. Арнайы топ “Қорғау” жүйесі арқылы берешегі бар адамдардың темір тұлпарын автоматты түрде анықтайды. Кейін тіркелген автомобилді тәртіп сақшылары тоқтатады.

Салықтан қашқандарға қолданылатын бірден-бір жаза – көлікті айып тұрағына қою. Мемлекет алдындағы қарыз толығымен өтелсе, тұлғаға темір тұлпар қайтарылады. Мұндай ереже заңда жазылған. Бір қызығы, арнайы топ қабылдаған шарадан кейін жүргізушілер салық төлеуге асығады екен.

АНАСТАСИЯ ДОЛГУШИНА, Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

– Жүргізіліп жатқан рейд шарасы аясында 10-нан аса жүргізуші тоқтатылды. Тексеріс кезінде олардың салық төлемегені анықталып, көліктері арнайы тұраққа жеткізілді. Алайда, көп ұзамай 500 мың теңгеден аса қаржы мемлекет есебіне аударылды.

Өкінішке қарай, кейбір жандар көлік салығын жылдап төлемейді екен. Жақында полицейлер, мемлекеттік кірістер басқармасы өкілдері мен жеке сот орындаушылары 4 жылдан бері жалпыға ортақ міндетті орындамаған петропавлдыққа шара қолданған.

АНАСТАСИЯ ДОЛГУШИНА, Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:

– Жақында ВАЗ маркалы көлік жүргізушісі тоқтатылды. Тексеріс кезінде 69-шы жылы туған азаматтың 140 мың теңгеден аса берешегі бары анықталды. Ол салықты 4 жылға жуық төлемепті. Темір тұлпар авто тұраққа жөнелтілді. Түсініксіз жайт орын алмас үшін тұрғындарды салық төлеуге шақырамыз!

Сөз соңында статистикаға тоқталайық! Соңғы деректерге сүйенсек, облыс орталығында көлік салығын төлемегендердің саны 3 жарым мыңнан асып жығылады. Ал олардың жалпы қарызы 200 млн теңгенің үстінде.

 

Байболат Култанов