Қоғам

Өңірде ішімдіктен бас тартқан ауылдардың саны артуда

Өңірімізде ішімдіктен бас тартқан ауылдардың саны артуда. Солардың бірі –
Айыртау ауданындағы Қарасай батыр және Бірлестік ауылдары. Бұл игі іс ақсақалдардың бастамасымен болған екен. Ауыл тұрғындары мен дүкен иелері де бұл іске оң көзқарастарын білдіріпті.

МЕЙРАМ ШӨКІМОВ, дүкен иесі, Айыртау ауданы:

– Бірлестік ауылында бірнеше жыл бойы «Болашақ» деген дүкен ұстаймыз. Ауыл тұрғындарымен, ақсақалдармен бірге бір шешімге келіп, арақ-шарапты сатпайтын болдық. Жалобалар жоқ, қылмыс жасалып жатқан жоқ, ұрлық та жоқ.

Қарасай ауылының халқы – 263 адам. Арықбалық ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Абылайхан Рамазановтың қызмет етіп келе жатқанына 6 жылдың жүзі болған. Айтуынша, соңғы уақытта бұл өлкеде қылмыстық, құқық бұзушылық істер туындамаған. Тәртіп сақшысы ауылға тек профилактикалық әңгімелесу жүргізіп, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ғана келеді екен.

АБЫЛАЙХАН РАМАЗАНОВ, учаскелік полиция инспекторы, Айыртау ауданы:

– Бұл ауылда арақ-шарап сатылмайды. 6 жыл мерзімінде бұнда бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Құқықбұзушылық жоқ.

Бірлестік ауылында да жағдай тұрақты. Мұнда 500-ге жуық адам тұрады. Соңғы жылдары мал ұрлығына қатысты бір қылмыстық іс тіркеліп, дереу тергеу жүргізілген екен. Ақыры соңында қылмыс расталмапты. Себебі, жоғалған сиыр мұз жарылып, суға батып кеткен.

ЕРНАР УӘЛИЕВ, Айыртау ауданы ПБ ЖПҚБ бастығы:

– Біздің аудан аумағында екі ауыл бар. Осы екі ауылда көптен бері арақ-шарап өнімдері сатылмайды. Ауыл ақсақалдары ел болып сондай ұйғарым шығарылған. Осы ұйғарым учаскелік инспекторға үлкен көмек болып саналады. Өйткені, ауылда арақ ішілмегендіктен қылмыс жасалмайды.

Айыртау ауданының полиция бөлімінде барлығы – 22 учаскелік полиция инспекторы және олардың 6 көмекшісі қызмет атқарады. Полиция қызметкерлері қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу үшін тұрақты түрде қадағалау жұмыстарын жүргізіп тұрады. Ішімдіктен бас тартқан ауылдардың қолға алған оң тәжірибесін одан әрі дамытуға тырысуда.

 

Акжунис Мухатай