СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Ұлттық ұлан академиясын 187 жас тәмамдады

Әскери өмір, қатаң тәртіп пен қайсар мінез. 4 жылдық еңбектің жемісі. Ұлттық ұлан академиясының 23-ші шақырылым түлектері оқу ордасынан түлеп ұшты. Осыдан 4 жыл бұрын өрімдей 187 жігіт елге адал қызмет етуге серт берді. Бүгін сол азаматтар қолдарына лейтенант шені мен дипломдарын алды.

Жалынды жастардың бойын қуаныш сезімі кернегені айтпаса да белгілі. Бірақ, қимастық сезімі де жоқ емес. 4 жыл бір казармада тұрып, тәртіпке бірдей бағынған жігіттер енді еліміздің түкпір-түкпіріне тарайды. Лейтенанттарды айтулы күнмен ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов құттықтады.

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, ҚР Ішкі істер министрі:

– Еліміз тәуелсіздігін алғалы Ұлттық ұлан елдегі ішкі тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Жауынгерлер ұландық қызметті абыроймен атқарып келеді. Академияны 26 жыл ішінде 4 мыңнан аса жас офицер бітірді. Олар бүгінде еліміздің қарулы күштерінде, әскери бөлімдерге басшылық етуде. Мемлекет пен халық сіздерге үлкен сенім артады. Министрлік атынан сіздерді осындай маңызды күнмен құттықтаймын. Қызметтеріңізге сәттілік тілеймін.

Бәсекеге қабілетті айбынды әскер. Түлектерді атаулы күнмен аймақ басшысы Айдабек Сапаров құттықтады. Өз сөзінде өңір жетекшісі болашақ офицерлер үшін жасалып жатқан жағдайды жіпке тізді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Қазіргі таңда академияға арналған жаңа корпустар салынуда. Осы жобаның арқасында біздің академия еліміздегі үлгілі әскери оқу орындарының біріне айналады. Құрметті офицерлер, сіздерге Отанымызды қорғау жолында табыс тілеймін. Ата-аналарыңыз бен ел үмітін ақтап, адал қызмет етіңіздер. Еліміздің тыныштығы бұзылмасын. Әрқашан бейбітшілік пен бірлік болсын.

Шараға көзайым болып тұрған ата-аналардың көңілі алып-ұшып тұр. Олар балаларын құттықтауға асық. Дәулет Тойынбеков Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласынан келіпті. Осыдан 4 жыл бұрын азамат кенже ұлын академия оқытушыларына әкеп тапсырған. Бүгін, міне, баласының ер жетіп, әскери маман атанғанына қуанышты.

ДӘУЛЕТ ТОЙЫНБЕКОВ:

– 11-ші сыныпты бітіргеннен кейін ұлым осы әскери оқу орнына түсемін деп ниет білдірді. Өзім “Сенің қолыңнан келе ме?” деп күмәнмен қарадым. Бірақ, оқып шықты. Академия мамандарына ризамын.

Ата-аналар ұлдарының ер жеткеніне, ал жастар үкілеген үмітті ақтағандарына қуанышты. Түркістан облысының тумасы Азамат Шардарбек бүгін анасын қуантты. Жас 4 жылда тек жақсы қырынан көрініпті. Ешқандай тәртіпсіздік жол бермепті.

АЗАМАТ ШАРДАРБЕК, ҚР ҰҰ әскери академиясының түлегі:

– Бізді осы күнге жеткізіп, дәрежемізді көтеріп, офицерлер құрамына қосқандары үшін академия басшылығы мен оқытушы құрамға және командирлерге үлкен рахмет. Енді шен алған біздер ҚР егемендігі мен тәуелсіздігін берік ұстап және қорғанысын нығайтуға тікелей үлесімізді қосамыз деген сенімдемін.

Арқадан жүк түспеді. Керісінше артты. Енді жігіттер еліміздің түкпір-түкпірінде әскери күш-құрылымдарда қызмет атқарады. Ел үміт артқан жастар сенімді ақтайды деген сенімдеміз.

 

Алдияр Айтпаев