Денсаулық сақтау

Прибрежное ауылында дәрігерлік амбулатория салынып жатыр

Іргетасы қаланып жатқан ғимарат – Прибрежное ауылындағы дәрігерлік амбулатория. Тұрғындар бұл сәтті көп күтті. Себебі, осыған дейін ауылда 1 ғана дәрігер маман жұмыс істеген. Оның өзі талапқа сай келмейтін мекемеде қызмет көрсеткен екен.

СӘРСЕНБАЙ АСЫЛБЕКОВ, “ГрадСтройСервис” ЖШС СҚОФ директоры:

– Қазіргі таңда нысанның құрылысына 5 адам және 1 техника жұмылдырылған. Мерзім бойынша үлгеріп жатыр. Жұмыс көбейген кезде жұмыс күшін де арттырамыз. Тиісті материал сатылып алынған. Барлығы – отандық өнім. Қазіргі таңда 6 нысан салып жатырмыз. 4-еуі – дәрігерлік амбулатория және 2-еуі – акушерлік пункт. Дәрігерлік амбулаториялар Қызылжар және М.Жұмабаев аудандарында, ал акушерлік пункттер Тахтаброд мен Привольное ауылдарында салынып жатыр.

Мамыр айының аяғында басталған құрылыс қазанның 10-ына дейін бітеді деп жоспарланған. Бірақ, мамандар нысанды қыркүйек айының соңында-ақ халық игілігіне тапсырамыз деген ниетте.

НҰРБОЛАТ ИМАНЖАНОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл ғимаратқа республикалық бюджеттен 456 млн теңге бөлінді. Амбулатория күніне 25 адамды қабылдауға арналған. Тиісті құрал-жабдықпен қамтылады, барлығы талапқа сай болады. Нысан бір қабатты. 2 маман жұмыс істейді.

Айта кетейік, облыста 2 жылдың ішінде осындай 46 шағын медициналық нысан салу жоспарланған.

 

Аснурия Абдула