Мәдениет

Халық шығармашылығының фестивалі

Облыс орталығында халық шығармашылығының фестивалі өтті. Қатысушылардың шараға атүсті қарамағаны көрінеді. Арнайы сахналық костюмдерін киген олар ортаға шығуға сақадай сай отыр. Музыкалық конкурсқа өңіріміздің аудандарынан әншілер, аспапшылар мен бишілер жиналды. Сахна шымылдығын Юрий Зайберт Мағжан Жұмабаевтың “Туған жер” өлеңімен ашты.

ЮРИЙ ЗАЙБЕРТ, әнші, қала тұрғыны:

– Менің шығармашылығымда түрлі жанрдағы әндер бар. Отбасым өнерге жақын. Осыдан болар ән айтумен бала кезімнен айналысамын. Қазір жасым 71-де болса да сүйікті ісімді тастаған емеспін.

Сапар Тасбаев қазақтың қара домбырасын ұстай келіпті. Ағамыз Қадыр ақын жырға қосқан қос ішекті аспаппен той-думандарда өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілін марқайтқанды жаны сүйеді екен. Сонымен қатар, немерелеріне де үйретеді. Фестивальде өнерпаз “Домбыра, досым” әнін айтуды жөн көріпті.

САПАР ТАСБАЕВ, домбырашы, қала тұрғыны:

– “Домбыра, досым” – Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың туындысы. Домбыра туралы болғандықтан осы әнді айтуды жөн көрдім. Өнермен өмірімізді жалғастырып келе жатырмын.

Халық шығармашылығының фестиваліне жиналған жұрт 23 туындыны тамашалады. Шара соңында өнерпаздар марапатталды. Көрермендер болса талантты теріскейліктермен естелік суретке түсті.

 

Акжунис Мухатай