Балалар

Есіл ауданындағы сауықтыру лагерінде 100-ден астам бала демалып жатыр

Есіл ауданындағы “Родник” балаларды сауықтыру лагері ұл-қыздарды осыдан 5 күн бұрын қабылдады. Қазір жеткіншектер мәз-мейрам күйде ойнап жүр. Бүгін оларға қонаққа аудандық мектеп кітапханашылары мен этномәдени бірлестік мүшелері келді. Меймандар демалушылар үшін тәтті тағамдар әзірлеп әкепті. Одан бөлек бір күндік қызықты бағдарлама да бар.

Көңілді бағдарламаны ұйымдастырушылар “Оқу мектебі” жобасы аясында өткізуде. Шара ұл-қыздардың қызығушылығын бірден оятты. Көпшілік арасында Ақтас негізгі мектебінің оқушысы Ілияс Жұмағұл да бар. Жеткіншек өткен жылы лагерь ұнағаны соншалық биыл тағы да келіпті.

ІЛИЯС ЖҰМАҒҰЛ, Ақтас негізгі мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:

– Лагерьге 8 бала болып келдік. Күнде таңертең жаттығу жасаймыз. Бүгін біз айналадағы қоқыстарды жинадық. Әр түрлі қызықты ойын ойнап, көңілімізді көтерудеміз. Келесі жылы тағы келуге тырысамын.

Балаларға арнап 4 мектеп қызметкерлері квест ұйымдастырыпты. Олар ағаштарда, үйлердің ішінде 15 шақты кітап жасырған. Ұл-қыздар сол кітаптарды тауып алып, суретке түсіп, ұйымдастырушыларға көрсетулері қажет. Сыннан сүрінбей өткендерге тәттілер таратылды.

МЕҢСҰЛУ ЖҰМАБЕКОВА, Өрнек орта мектебінің кітапханашысы, Есіл ауданы:

– Лагерьге келіп балалардың көңілін көтеріп жатырмыз. Жобаның басты мақсаты – ұл-қыздардың кітап оқуға деген қызығушылықтарын ояту. Квестті Өрнек, Петровка, Горный, Тораңғұл мектебі мамандарымен қосылып өткізіп жатырмыз.

Бұдан бөлек демалушылар арқан тартып, асық ойнады. Көңілді эстафеталар да өткізілді. Жалпы, қазір лагерьде 107 бала жүр. Оның 64-іне жолдама тегін берілген. Мұндай жеңілдік аз қамтылған және көпбалалы жанұядан шыққан, сондай-ақ, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Ал қалған ұл-қыздар мұнда 10 күн демалу үшін ата-аналары 20 мың теңге төлейді.

ГҮЛМИРА ДАУЫТБАЕВА, Есіл ауданы білім бөлімінің басшысы:

– Есіл ауданында 28 мектеп бар. Оның ішінде 3067 оқушы білім алуда. Жаз бойы балаларды 5 лекте қабылдаймыз. Әр лекте 110 балаға дейін болады. Балалардың саны жылдан-жылға артуда.

Жалпы, «Родник» лагері 72-ші жылы құрылған. Бұл – Есіл ауданындағы балаларға арналған жалғыз жазғы демалыс орны. Ашылғаннан бері күрделі жөндеу жұмысы жүргізілмеген. Тек қырлап-сырлау жұмыстары жасалған. Биыл ағымдағы жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен 3 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ, 8 корпусқа су тартылған. Қазіргі таңда аумақта монша да бой көтеруде. Оған жергілікті кәсіпкерлер қаражат бөлген.

 

Гульден Симбаева