Қоғам

“Бақытты отбасы” орталығы – мүмкіндіктер мекені

38 жастағы жалғызбасты ана Әсемгүл Нұрмұқанова қасты бояу және түзету курсына қатысуда. 3 баланың анасы осыған дейін әр түрлі салада еңбек етіпті. Бірақ, жан дүниесі үнемі сән саласын қалаған екен. Арманға қол жеткізетін күн туды. Нәзікжанды сертификатын қолына алған соң жұмысқа орналасуға ниетті.

ӘСЕМГҮЛ НҰРМҰҚАНОВА:

– Мен бұл курсты Инстаграм желісі арқылы білдім. Хабарласып, қандай курс түрлері бар екенін сұрадым. Қасты бояу және түзету курсына жазылдым. Бүгін – 1-ші күн. Маған ұнады. Барлығын егжей-тегжейлі түсіндірді.

“Бақытты отбасы” орталығының көмегіне аз қамтылған, көпбалалы және 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері жүгіне алады. Басқа аймақтан қоныс аударған жанұялар үшін де мүмкіндік бар. Курстың ұзақтығы – 1 күн. Теория түсіндіріліп, айтылғанның барлығы тәжірибеде сыналады. Оқыту соңында жұмысқа орналасуға жарамды сертификат табысталады.

ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, “Демеу” орталығының директоры:

– Жоба 2021 жылдан бастап жұмыс істеуде. 22 жылы 1500 отбасыға көмек көрсеттік. Оның ішінде 150 отбасының мүшесі бізде тегін курс оқып, сертификат алды. Осы жылы 200-ге жуық адамды оқытамыз деп жоспарлап отырмыз. Осы оқу аяқталған соң Ғ.Мүсірепов, Есіл ауданына барамыз. Тұрғындарға шалғай аудандардан келу үшін ақша керек. Оларға қолайлы жағдай қарастырғымыз келеді. Сондықтан, арнайы мамандарды апарып, курс жүргіземіз.

Сондай-ақ, “Бақытты отбасы” орталығында заңгерлік және психологиялық кеңестер беріледі. Мұнда тұрғындардың бақытты болуына себепкер болғысы келетін 3 психолог және 1 заңгер маман жұмыс істейді.

 

Аснурия Абдула