Қоғам

Жөнделген жолдар тексерілуде

Петропавл көшелері күн сайын өзгеруде. Бұрын тиісті жұмыс ондаған күнде аяқталатын. Ал қазір бірнеше сағатта, әрі кетсе бірнеше тәулікте мәресіне жетеді. Осы орайда “Төселген асфальт қанша уақытқа шыдас береді?” деген сұрақ туындайды.

Сапа тексеріледі. Бұған “Ұлттық жол активтері сапасы орталығының” жергілікті филиалы жауапты. Аталған ұйымның өкілдері жақында ғана ағымдағы жөндеуден өткен Бөкетов көшесінен сынама алуда. Қуатты қондырғы тастай қатты асфальтті ойып алды. Ол зертханада тексеріледі. Талап бойынша асфальттің қалыңдығы 6 см болуы тиіс. Алайда, “Грандо” серіктестігінің қызметкерлері 10 см қылып төсепті. Мұны орталық мамандары атап өтті.

АРМАН ТҰРАСИМОВ, “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” РМК СҚО бойынша филиалының бөлім басшысы:

– Тас жолдан алынған сынаманы зертханаға апарамыз. Оның нәтижесі 2 аптадан кейін белгілі болады. Егер де олқылық анықталса, мердігерлер жолды қайта жөндеуге міндеттеледі. Бұған дейін Абай көшесін тексердік. Әлі нәтижесі шыққан жоқ.

Биыл қала көшелерін жөндеуге облыстық бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінді. Соның 100 млн-ы Бөкетов көшесіне бағытталған. Жоспар бойынша ағымдағы жылы Петропавлда жалпы ұзындығы 36 шақырымға жуықтайтын 20-дан астам көше қалыпқа келтіріледі. Әзірге, жұмыс 9 шақырымға жуығында тындырылған.

ҒАЛИ АБДРАШЕВ, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Көбінесе орташа жөндеу жасаймыз. Қазіргі уақытта Абай, Бөкетов, Пушкин көшелерінде жұмыс жүргізілді. Тағы 13 көшеге конкурс ұйымдастырылып жатыр. 8 көшенің мердігерлері анықталды. Жамбыл және Уәлиханов көшелерінде жұмыс қарқын алды. Қыркүйек айына дейін бітіреміз деген ойдамыз.

Қоса кетейік, алдағы уақытта Петропавлдағы 7 көшеге конкурс ұйымдастырылады. Маңызды шаруа шеткері орналасқан аудандарды да қамтиды.

 

Гульден Симбаева