Қоғам

Жауынгерлік даярлықта үздік деп танылған 1,5 мың сарбаз ЖОО-да тегін білім алады

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздардың тегін білім алуына орын бөлінді. Тікелей эфирде 1,5 мың әскери қызметші сертификат алды. Ведомство аппаратының басшысы Ербол Құмарбекұлының айтуынша, тиісті келісімшарт еліміздегі 70-тен астам жоғары оқу орнымен жасалған.

ЕРБОЛ ҚҰМАРБЕКҰЛЫ, ҚР ҚМ аппарат басшысы:

– 2022 жылдан бері қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің беделін арттыру мақсатында арнайы жұмыстарды бастаған. Оның ішінде мерзімді әскери қызметті өткерген азаматтар үшін білім беру жеңілдіктерін алу мүмкіндігі көзделген. Мемлекет басшысы мамыр айында болған бүкіл армиялық кеңесте оң баға берді және оны жүзеге асыру бойынша тиісті тапсырмалар берген болатын. Қазіргі уақытта еліміздің 70-тен астам жоғарғы оқу орындарымен келісім шартқа қол қойылған.

Іріктеуді өткізуге ыңғайлы болу үшін «Срочники 2.0» цифрлық платформасы енгізілді. Мұнда ҚР Қарулы Күштерінің, Ұлттық ұланның, Мемлекеттік күзет қызметінің 110-нан астам әскери бөлімі тіркелген.

АЙГҮЛ ТӨЛЕМБАЕВА, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі:

– Бұл жүйеде барлық әскери қызметін өтегендер және оларды ауыстыру мүмкіндігінсіз қызметінің барлық кезеңіндегі бағалаулар көрсетіледі. Жауынгерлік даярлықтың барлық пәндері бойынша әскери қызметшінің ағымдағы бағаларының рейтингі ай сайын шығарылады. Есепке алу әскерлердегі жауынгерлік дайындық журналдарында және осы электрондық платформада бір мезгілде жүргізіледі. Электрондық жүйеде әр сарбазға жеке рейтинг жасалады.

Жауынгерлік дайындық, жеке тәртіп, арнаулы міндеттерді орындаудың толықтығы және психологиялық жағдайды бағалау. Кандидаттар осы критерилер бойынша іріктеледі екен. Әр сарбаз үш жоғары оқу орнын өзі таңдайды.

АЙГҮЛ ТӨЛЕМБАЕВА, ҚР Қорғаныс министрінің кеңесшісі:

– Конкурстық іріктеуге 12 548 әскери қызметші қатысуда. Олар – әскерге 2022 жылдың көктемінде шақырылғандар. Қазір 1500 орын бөлінеді. Ал былтыр күзде әскерге шақырылған сарбаздар үшін биыл осындай тағы бір кезең өтеді.

Министр кеңесшісінің айтуынша, ҰБТ сертификатына ұқсас QR-коды бар сертификаттар автоматты түрде жасалады. Оның қандай да бір жалған көшірмесін жасау мүмкін емес. Іріктеуден өтпеген сарбаздардың қызметі аяқталған соң екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына ҰБТ тапсырмай ақылы негізде түсу мүмкіндігі бар.

 

Самал Жунусова