Аптадағы маңызды жаңалықтарАуыл шаруашылығы

СҚО-да 1 млн 300 мың гектардан астам алқапта химиялық өңдеу жүргізілді

Өңір шаруалары химиялық өңдеу жұмысын жүргізуде. «Агрофирма Есильская» серіктестігі шамамен 11,5 мың гектарға егін егеді. Негізгі талаптарға бас мән беретін агроқұрылым жыл сайын гектарынан 20-25 центнер өнім алады екен. Басшылық алдағы күзде көрсеткіштің қайталанатынына кәміл сенімді.

СЕРІК ЖЕНАПИНОВ, “Агрофирма Есильская” ЖШС директоры, Есіл ауданы:

– Егіс 15 мамыр мен 1 маусым аралығында жүргізілді. Қазір алқаптарды химиялық тазарту жүріп жатыр. Өткен жылы көл-көсір өнім алдық. Биыл қамбаға құйылатын астық былтырғыдан көп болмаса, кем түспейді. Себебі, біз тиісті талаптарды берік ұстанамыз.

“Агрофирма Есильская” серіктестігі 70-ке жуық адамды екі қолға бір күрекпен қамтып отыр. Компания қызметкерлері үшін бар жағдайды жасауда. Мысалы, баспаналы болуға да көмектеседі. Механизатор Сергей Копченко агроқұрылымда 10-шы жыл еңбек етеді. Басшылық азаматтың төккен терін бағалап, үй сатып алуға жәрдемдесіпті.

СЕРГЕЙ КОПЧЕНКО, “Агрофирма Есильская ” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Қазір егістіктерді қопсытқышпен өңдеп жатырмыз. Техника тегеурінді. Қолданыстағы John Deere тракторының ыңғайлы екенін де айту керек. Жұмыстың барлығын уақытында тындыруға тырысамыз. Басшылық үнемі көмек қолын созады.

Басшылыққа жалғыз Сергей Копченко емес, өзге де мамандар разы. Олардың қолданыстағы техникаға, заманауи технологиялар мен әлеуметтік тұрғыдағы қолдауға көңілі толады.

АЛМАЗ АҚЫШЕВ, “Агрофирма Есильская” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Бәрі жақсы. Жалақыны уақытында береді. Ешқандай кешіктіру жоқ. Осындай жаңа техникалар келіп жатыр. Істеп жатырмыз.

АЙБЕК ЗАКАРИН, “Агрофирма Есильская” ЖШС механизаторы, Есіл ауданы:

– Мұнда 15 жыл жұмыс істеймін. Мектептен кейін бірден осында келдім. Өзіме барлығы ұнайды. Басшылық үнемі қолдайды, біз жыл сайын пай да алып отырамыз.

Жалпы дерекпен бөлісейік. Бүгінгі күнге дейін өңірде арамшөпке, зиянкестерге және түрлі ауруларға қарсы 1 млн 300 мың гектардан астам алқапта химиялық өңдеу жұмысы жүргізілген. Ал минералды тыңайтқыш сіңірілген жердің көлемі 1 млн 700 мың гектардан асып жығылады.

 

Байболат Култанов