Спорт

Кембағал жандар арасындағы спартакиада

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық спартакиада бастау алды. Оған 400-ден аса спортшы қатысуда. Барлығының көздегені бір – жеңіс. Жарыстың ашылу салтанатында жиналғандар жергілікті таланаттардың өнерін тамашалады.

Спартакиада 9 спорт түрі бойынша өтеді. Сайысқа 13 аудандық және қалалық 1 команда қатысуда. Қазір жеңіл атлеттер бақ сынамақ. Айыртау ауданының намысын қорғауға келгендердің бірі – Дәрмен Егіншібаев. Желаяқ жарысқа 4 жыл қатарынан қатысып жүр екен.

ДӘРМЕН ЕГІНШІБАЕВ, спартакиадаға қатысушы, Айыртау ауданы:

– Мен – “Надежда” спартакиадасының тұрақты қатысушысымын. Биыл жақсы дайындықпен келдік. Бүгінгі жарыста барлығына сәттілік тілеймін. Ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

Тартысты додада Қазақстанның намысын қорғап жүргендер де бар. Иван Залезняк – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Ол – еліміз бойынша ядроны алысқа лақтыратын саусақпен санарлық спортшының бірі.

ИВАН ЗАЛЕЗНЯК, спартакиадаға қатысушы, Петропавл қаласы:

– Қазір Қытайда өтетін Азия ойындарына дайындалып жүрмін. Бұған дейін аталған жарысқа қатысып, 3-ші орын алған болатынмын. Бұл жолы бас жүлдені иеленгім келеді. Сол үшін барымды саламын.

Айта кетейік, кембағал жандар арасындағы “Надежда” спартакиадасы қаламызда 97-ші жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіледі. Яғни, биыл 26 жыл толады.

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, СҚО мүгедектер спорт федерациясының вице-президенті:

– Мүгедек жандардың арасында спортпен айналысушылардың саны артуда. Бұған қуанамыз. Соған байланысты жарыстардың сапасы жақсаруда. Аудан мен ауылдарда спорттың дәрежесі өсіп келе жатыр. Ауылдан шыққан Ербол Хамитов чемпион болды. Сол сияқты болашағы жарқын балалар көп. Сол үшін жағдай жасап жатырмыз.

Облыстық спартакиада 3 күнге созылады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль және кубокпен марапатталады.

 

Акжунис Мухатай