Білім

Қаржылық сауаттылық – кәсіпкердің басты құралы

Петропавлда “Әйел және ақша” атты тегін трениг өтті. Бұл жиынға 70-ке жуық іскер азаматша қатысты. Олар: жеке кәсіпкерлер, өз-өзін қамтып отырған және бизнеске енді қадам басып келе жатқан нәзікжандылар.

ЕРНАР ОРАЗБАЕВ, қаржылық компания өкілі, Алматы қаласы:

– Біздің тұтынушылардың 70 пайызы – әйел адамдар. Іскер ханымдарға қолдау көрсету мақсатында 2 жылдан бері өңір-өңірді аралап, тренинг өткіземіз. Бүгінгі тренингті 3 бағытта өткіземіз. Олар: бизнесті дамытуға қажетті дүниелер, қаржылық сауаттылық түсінігі және бір-бірімен пікір алмасуға арналған орта.

Қазіргі таңда бесігін тербетіп, кәсібін дөңгелетіп отырған нәзікжандылар жетерлік. Бірақ, бұл істі игеру оңай емес. Бикештер небір қиындықтан
өтіп, табыстың көзін таппай қиналады. Тығырақтан шығар жолды қаржылық сауаттылық арқылы тапқан жалғызбасты ана – Гульнара Кшукова. “Табысты болу әр әйелдің қолынан келеді”,- дейді іскер ханым.

ГУЛЬНАРА КШУКОВА, жеке кәсіпкер:

– Мен қоғамдық тамақтандыру орталығында 7,5 жыл жұмыс істедім. Коронавирус індеті кезінде жұмыстан шығып қалдым. Табыссыз қалдым. Жалғызбасты ана болғандықтан маған тыңбай еңбек ету қажет болды. Бір күні даму тренингтерін көзім шалды. Қаражатты қалай табу және жұмсау жайлы біле бастадым. Қазіргі таңда үйде тәтті бәліштер пісіремін. Жаңа рецептер іздеп, даму үстіндемін. Әрі қарай жетілу үшін осы тренингке қатысуды жөн көрдім.

Әйелдердің көпшілігі білім, тамақ, тігін және сән саласында еңбек етеді. Өкінішке қарай, көбі 1 жылдың ішінде шығынға ұшырайды. Бұл – дәлелденген статистика. “Мұның бәрі қаржылық сауаттылықтың болмауынан”,- дейді Ернар Оразбаев.

ЕРНАР ОРАЗБАЕВ, қаржылық компания өкілі, Алматы қаласы:

– Несие алу, қарызды төлей алмау қаражаттық сауаттылыққа қатысты. Сізде қаржылық жүктеме деген коэффициент бар. Сіздің несиеге төлейтін төлемдеріңіздің мөлшері тапқан табысыңыздың 50 пайызынан аспауы керек. Осы қағиданы дұрыс ұстасаңыз, несиені төлеу кезінде қиындықтар туындамайды. Қаржылық сауаттылық ең алдымен жанұяда ақшаны дұрыс жұмсаудан басталады. Егер жанұя бюджетін дұрыс есептеп жарата алсаңыз, үлкен бизнестерді де игере аласыз. Және қаржы жүйесі қалай қалыптасқаны жөнінде дұрыс түсінік болу керек.

“Әйел және ақша” атты тренинг осыған дейін еліміздің 4 қаласында өтіпті. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта шығыстағы қалаларға бармақшы.

 

Аснурия Абдула