Қоғам

БАҚ өкілдері арасында интеллектуалды жарыс өтті

Маусымның 28-і – БАҚ қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Осы орайда НЗМ-да өңір журналистері арасында интеллектуалды сайыс өтті. Оған 50-ге жуық адам қатысты. Олар: телеарна, газет, ақпараттық агенттіктердің өкілдері мен баспасөз қызметінің мамандары. Барлығы – 7 команда болып бақ сынасты. Жинаған ұпайлардың нәтижесі бойынша 1-орынды “QAZAQSTAN media” порталының ұжымы иеленді. 2-ші орын баспасөз қызметі мамандарына бұйырса, үздік үштікті “Первый Северный”-дың ұжымы тұйықтады. Мектеп директоры Данияр Уәлиев БАҚ қызметкерлеріне ризашылығын білдіре отырып, әр ұжымға алғыс хат табыстады. “Осы сынды шаралар әріптестіктің одан әрі нығаюына ықпал етеді”,- дейді “Хабар 24” телеарнасының меншікті тілшісі Айдарбек Балғабеков.

АЙДАРБЕК БАЛҒАБЕКОВ, “Хабар 24” телеарнасының меншікті тілшісі:

– Бұған дейін бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Балшық илеу үйірмесіне қатыстық. Өткен жылы дәстүрлі журналистер арасындағы спартакиада осы білім ошағында өтті. Биыл да осында өткізіледі деп жоспарлануда. Қызықты ақпарат болса, мүмкідігінше “Хабар 24”, “Хабар” арналарында көрсетіп тұрамыз. Жақында осы мектептің 2 оқушысы зағип жандарға арналған білезік ойлап тапты. Соңғы рет сол туралы материал жасадық.

 

Аснурия Абдула