Қоғам

Сайлауалды бағдарлама: 5 жылда ауылдарда 46 шағын медициналық нысан салынады

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:

– «AMANAT» партиясының облыстық филиалында брифинг өтті. Мұнда партияның сайлауалды бағдарламасының Жол картасын іске асыру жоспарлары туралы айтылды. Ол 5 бағыт бойынша 117 іс-шараны қамтиды.

Сайлауалды бағдарламаның көзге түсетін бағыттарының бірі – тұрғындардың табысын арттыру. Осы орайда нәтижелі деген 40-қа жуық шараны іске асыру жоспарланған. 5 жылда кемінде 30 мың жұмыс орны құрылады дейді аманаттықтар. Басым көпшілігі ауылдарда болады. 1,5 мың жұмыссыз оқытудан өтеді. Ауылды жерде 350 кәсіпкерлік субъектісі құрылады.

БОЛАТ ДАНИЯРОВ, «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары:

– 5 жыл ішінде біз ауыл шаруашылығы саласында 16 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Жастарды жұмыспен қамтимыз. Жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% мөлшерлемемен несие рәсімдеуде қолдау көрсетуге дайынбыз. Облыстағы орташа жалақы – 222 мың теңге ел бойынша ең аз болып саналады. Біз 5 орташа жалақы деңгейін 339 мыңға дейін жеткізуге ықпал етеміз.

Айта кету керек, партия филиалының сайлауалды бағдарламасы сайлаушылардың өтініштеріне негізделіп құрылған. Соңғы кездері осындай 1800-ге жуық арыз-шағым келіп түскен. Сайлауалды бағдарламаға 450-ден астамы енгізілген. Көпшілікті алаңдататын мәселе денсаулық сақтау саласы мен білім сапасына қатысты.

БОЛАТ ДАНИЯРОВ, «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары:

– Жеке білім саласына тоқталатын болсақ, апаттық жағдайда тұрған 3 мектептің орнына жаңасын салу туралы мәселені көтеріп жатырмыз. Тағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында 4 мектеп пен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған білім ұясы салынады. Мектептердегі қауіпсіздікке баса назар аудару қажет. Қыркүйектің 1-інен бастап 98 нысанда мамандандырылған күзет болады.

Аманаттықтардың айтуынша биыл ауылдарда 46 шағын медициналық нысанның құрылысы бастау алады. Оған Ұлттық қордан 2,5 млрд және облыстық бюджеттен 7 млн теңге бөлініпті. Биыл «Береке» және «Жас өркен» шағын аудандарында 250 адамға арналған жаңа емханалар қолданысқа тапсырылады.
Елді мекендерді сумен қамту және жол салу мәселелері өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Өңірде алдағы 5 жылда 20 мыңнан астам тұрғыны бар 86 ауылды тіршілік нәрімен қамту жоспарланып отыр.

БОЛАТ ДАНИЯРОВ, «AMANAT» партиясы СҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары:

– Әр ауылда кездесетін мәселе – жол. Биыл 320 шақырым ауылішілік жол жөнделмек. Жалпы, 5 жыл ішінде «AMANAT» партиясының өкілдері сапалы жолдардың үлесін 78-ден 95%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін республикалық және жергілікті маңызы бар бағыттарға арнап қосымша қаражат бөлу қажет.

Алдағы уақытта өңірде жиынтық көлемі 1,5 млн шаршы метр болатын үй салынып, 7,5 мың отбасы баспаналы болады. Партия өкілдерінің сөзінше, осы ауқымды шараларды тиімді іске асырудың нәтижесінде халықтың өңірден көшіп кету қарқыны бәсеңдейді.

 

Самал Жунусова