Экология

Петропавлда кәріздік тазарту құрылымы қайта жаңғыртылады

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Бұл – қала сыртындағы биотоған. Әйгілі деп айтсақ болады. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс естеріңізде шығар?! Міне, сол осы жерден тарайды. Тарайды емес, тарады деп айтқанымыз дұрыс болады.

Қазір қала ішінде де, биотоған маңында да еркін тыныстауға болады. Қолқаны қабатын иіс жоқ. Бұны экологтар жүргізген зерттеу жұмысының қорытындысы да дәлелдейді.

ДАМИР ЖҰМАБАЕВ, СҚО бойынша экология департаментінің бөлім басшысы:

– Жыл басынан бері біздің мамандар осы биотоғаннан бірнеше рет келіп, күкіртсутегінің көрсеткішін анықтау үшін 150 сынама алды. Нәтижесінде бірде-бірінде белгіленген нормадан асу жайты тіркелмеді.

Ауаның ластанбауы – жағымсыз иіске қарсы күрестің жемісі. Жергілікті билік бірнеше жылдан бері биотоғанды тазалауда. Қолданыстағы әдістің бірі – қалдықтар құйылатын айдынға хлорелла балдырын жіберу. Нәтиже бар. Сондықтан, тиімді тәсілді жалғастыру қажет. Алдағы айдан бастап бұл істі “Қызылжар су” серіктестігінің мамандары қолға алмақ.

ЕРБОЛ НӘБИЕВ, “Қызылжар су” ЖШС бас инженері:

– Біз 2021 жылы жергілікті “Су ғылыми-технологиялық орталығы” серіктестігімен келісімге келдік. Бұл ұйым тоғанға хлорелла балдырын жіберіп, күкіртсутегінің таралу көрсеткішін азайтты. Оны бәріміз байқап отырмыз. Осы айда аталған компаниямен жасалған келісімшарт мерзімі аяқталады. Енді бұл тәжірибені біз қолданып көрмекпіз. Тиісті қондырғылар біздің нысандарға орнатылады.

Мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Мәселе кешенді түрде шешімін табуы тиіс. Осыны алға тартқан қала әкімінің орынбасары Әділбек Әубәкіров жоспармен бөлісті. Келешекте биотоған маңындағы кәріздік тазарту құрылысы қайта жаңғыртылмақ екен.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Кәріз суы кәріздік тазарту құрылымы орналасқан жерге құйылады. Талап бойынша сол жерде тазартылып, тоғанға өтуі тиіс. Алайда, арнайы құрылыс жоқ. Сол себепті, көктемде жағымсыз иіс тарайды. Нысанды жаңғырту жөніндегі жобалық-сметалық құжаттама жергілікті билік есебінен дайындалады. Ал қайта қалыпқа келтіру ісіне бейінді министрліктен қаржы сұраймыз.

Жоспар бойынша биыл кәріздік тазарту құрылымының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалады. Ал құрылыс жұмыстары нақты қашан басталып, қашан аяқталатыны белгісіз.

 

Байболат Култанов