Құқық қорғау органдары

Нашақорлықпен күрес

26 маусым – халықаралық нашақорлықпен күрес күні. Осыған байланысты Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері бірқатар іс-шара ұйымдастыруда. Бүгін темір жол вокзалында кезекті акция өтті. Мамандар еріктілермен бірге бірінші жолақта тоқтап тұрған Красноярск-Адлер пойызын аралады. Жолаушыларды сақтық шаралары жайында құлақтандырды.

Таратылып жатқан жаднама көзге оттай басылады. Үнқағазда үрей тудыратын суреттер бейнеленген. Пайдалы профилактикалық ақпар да толығымен жазылған. Мұндай акцияға Челябі қаласының тұрғыны Надежда Вишня алғаш рет куә болып отыр.

НАДЕЖДА ВИШНЯ:

– Камчаткада қонақ болып, үйіме қайтып барамын. Еріктілер берген жаднаманы көзбен жүгіртіп шықтым. Бұл – өте маңызды шара. Жастарға баса назар аудару қажет. Өзім тұрғын үйлерде жатқан ине мен өзге дүниелерді байқап жатамын. Жастарымыз өз өмірін өздері құртқандарын қаламаймын.

Жалпы, күнделікті темір жол вокзалынан 20 пойыз өтеді. Оның 16-сы – ресейлік көліктер, қалғаны – отандық. Олармен 1 мыңға тарта адам қатынайды. Биылдың өзінде желілік полиция бөлімі мамандары бірнеше есірткі тасымалдаушыны анықтапты.

ТЕҢДІК МАЛДЫНОВА, Петропавл станциясындағы ЖПБ жетекші маманы:

– Жыл басынан бері жолаушылар пойызында 6 есірткі тасымалдаушы ұсталды. Есірткінің жалпы салмағы – 15 грамм. Ал мамандар қызмет атқаратын аумақта, вокзал маңында 13 факті тіркелді. Өткен жылы есірткі тасымалдаудың 14 фактісі тәркіленді. Жартыжылдықта 7 фактіні анықтадық. Тәркіленген есірткінің салмағы – 70 грамм.

Мамандар әуежай аумағын да жіті тексереді. Биыл бұ жерде есірткі тасымалдаушылар анықталмапты.

 

Алдияр Айтпаев