Қоғам

Есілде балық аулаған теріскейлік ажал құшты

Бәйтеректегі ағайынның сүйікті орындарының бірі – жергілікті жағажай. Маусымның мамыражай күндері бұл жерге қалың көпшілік жиналды. Жерлестеріміз суға түсіп, бой сергітті. Ал қазір аумақта тек төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жүр. Мамандардың айтуынша бұл жерде суға түсуге қатаң тыйым салынған. Аумақта арнайы қоршау, құтқарушылар мен медициналық қызметкерлер жоқ. Ағыс та қатты.

КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:

– Суға шомылу маусымы қарқын алуда. Қазіргі таңда өзен-көлдерде полицейлер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері және еріктілер күнделікті рейдтік шаралар өткізуде. Рұқсат етілмеген су айдындарында суға түсу жайттары анықталып жатыр. Осы ретте айта кету қажет. Соңғы 10 жылда өңір аумағында болған қайғылы жайттардың барлығы суға түсуге арналмаған жерлерде тіркелді.

Мұндай жағдай өңірде биыл да тіркелді. Өткен аптада облыс орталығында 67-ші жылғы балықшы Есіл өзенінде суға батып кеткен. Ал елде 35 жағдай орын алыпты. Жалпы, қазіргі таңда өңірде 60 жағажайда шомылуға болады.

КИРИЛЛ ИВАННИКОВ, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы:

– Кейбір жерлестеріміз суға түсуге тыйым салынған орындарға орнатылған белгіні көзге ілмейді. Оны сындырып тастайтындар да бар. Осылайша бір белгіні бірнеше жерде орнатуға мәжбүрміз. Солтүстікқазақстандықтарға айтарымыз, заңсыз жағажайларға бармаңыздар. Ал рұқсат етілген жерлерде тиісті ережелерді сақтап, барынша сақ болыңыздар.

Заңды су айдындарымен қатар су температурасын да ескеру қажет. Бұл жөнінде синоптиктер арнайы тексеріс жүргізеді екен.

НАТАЛИЯ ЛЕВИНА, “Қазгидромет” РМК СҚОФ директорының орынбасары:

– Облыс аумағында 19 гидрологиялық бекет бар. Олар күнделікті су температурасын өлшейді. Таңғы 8-дегі жағдай бойынша бүгін Есіл өзеніндегі көрсеткіш 18-23 градус шамасында болды. Алдағы күндері ауа температурасы 29 градусқа дейін көтеріледі.

Жалпы, шомылу үшін су температурасының 18 градус болуы жеткілікті. Ауа райына тоқталар болсақ, синоптиктер маусым айы құбылмалы болады деп отыр. Ал шілденің орта белінде сынап бағанасы кей жерлерде 35 градусқа дейін барады екен.

 

Алдияр Айтпаев