Мәдениет

“Туған жер” би ансамблі “Busan Internаtional dance” фестиваліне қатысып қайтты

Жергілікті “Туған жер” би ансамблі Оңтүстік Корея елінің Пусан қаласында өткен халықаралық би фестиваліне қатысып қайтты. Маусымның 1-і мен 5-і аралығын қамтыған байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен келген өнер ұжымдарының санында есеп жоқ. Дөп басып айту қиын. Кореядағы ең танымал Хауэндэ жағажайында би билеп, ерекше әсер алған жерлестеріміз өз қуаныштарымен бөлісті.

ВИКТОР РОМАНЕНКО, “Туған жер” би ансамблінің бишісі:

– Бұл өте қызықты сапар болды. Маған қатты ұнады. Өзге ұлттың бишілерімен сөйлестік, олар өте ашық-жарқын. Сахнаға шықпас бұрын ағылшын тілінде сөйлесіп, бір-бірімізге сәттілік тіледік. Елге қайтар жол қиындау болды. Себебі, барлығымыз шаршаған болуымыз керек. Дегенмен, зор шығармашылық шабыт пен тәжірибе жинап қайттық.

Қатысушылардың дені заманауи үлгідегі би қойылымын қойған. Ал жерлестеріміз өзгелерін қазақи оюмен өрнектелген киім киіп бір таңғалдырса, қара жорға билеп тағы таңғалдырды. Ашық аспан астында бишілер тоқтамастан 15 минут өнер көрсетіпті. Өнерпаздар осы уақыт бойы бимен қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрін бейнелепті. Бұл байқауда “Туған жер” осынысымен ерекшеленген.

Қазақстандық топты корей елі жылы қарсы алған. Өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіпті. Өзге тілді ұлт өкілдерімен де жақын араласып кеттік дейді топ мүшесі Самат Жұмажанов.

САМАТ ЖҰМАЖАНОВ, “Туған жер” би ансамблінің балетмейстері:

– Жеке маған және топтағы бишілерге корей елінің өнері ұнады. Олардың заманауи әндеріне хореография өте үйлесімді қойылған. Жоғары талғаммен, мықты дайындықпен жасалған. Біздің өнерімізге қатысты көп жағымды пікір айтылды. Бізге және жетекшілерімізге алғыс айтып, тағы да кездесеміз деген үмітпен шығарып салды.

Бұл “Туған жер” би ансамблінің шетелге шыққан алғашқы сапары емес. Бұған дейін Түркия, Словения, Хорватия мен Өзбекстан елдерінде өнер көрсеткен. Айта кетейік, “Туған жер” – Пусандағы халықаралық фестивальға Қазақстаннан барған жалғыз ансамбль.

 

Акжунис Мухатай