Ауыл шаруашылығы

Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға ұлғайды

Соңғы 5 айда мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға ұлғайған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында баян етті. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы – еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің негізгі салаларының бірі. Оның үлесіне ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40%-ы тиесілі. Малдың барлық түрінің саны тұрақты өсуде. Өткен жылдың өзінде ірі қара мал саны 4,2%-ға, қой – 4,8, жылқы – 10,5, ал құс 4%-ға өсті. Сонымен қатар, мал шаруашылығын дамытудың сапалық көрсеткіштері де өсуде. Атап айтқанда, сауылатын сүт орта есеппен 4,7%-ға ұлғайды, сондай-ақ, сойылған ет салмағы 8,6%-ға, тауықтардың жұмыртқа әкелу көрсеткіші 17,2%-ға өскен. Сондай-ақ, былтыр мал шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 67%-ға артып, 117,5 млрд теңгеге жетті. Барлығы – 102 инвестициялық жоба іске асырылды. Министр атап өткендей, биыл Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді. Ол өндірістік қуаты жылына 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 тауарлы-сүт фермасын құруға бағытталған. Бұл елдің импортқа тәуелділігін 39%-дан 11%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

 

Самал Жунусова