Спорт

“Қарасайдағы” құрылыстың қарқыны

“Қарасайда” мына тақтайшаның ілініп тұрғанына жарты жылдан асты. Былтырлары ине шаншар орын болмайтын стадион қазір бос тұр. Нысанда қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Алаң FIFA-ның стандарттарына сай етіліп жасалады. Құбырлар Германиядан, ал жабдықтар сонау Италия елінен жеткізілген.

ДЖАННИ ФОРАБОСКИ, “Scarabelli Irrigation Systems” компаниясының өкілі:

– Жіберілген жабдықтардың дұрыс орнатылып жатқанына көз жеткізу үшін Италиядан келдік. Бәрі дұрыс. Мердігерлерге көмектесіп жүрміз. Олар біздің нұсқауымыз бойынша жұмысты сапалы орындайды деген сенімдеміз. FIFA-ның өкілі келіп, нысандағы жұмыстың қалай атқарылғанын бақылайды. Бәрі дұрыс болса сертификат береді.

Іске “ҚазЕвроСтрой” серіктестігінің жұмысшылары жұмылдырылған. Объектіде 20 маман мен 10-ға тарта техника жүр. Бүгінгі күнге дейін алаңды тегістеу сынды жұмыстар жүргізілген. Қазір мамандар су себу мен жылыту жүйесін орнатқалы жатыр. Одан бөлек, прожекторлар орнатылады. Жалпы, бұл жобаға облыстық бюджеттен 1 млрд 300 мың теңге бөлінген.

ӘСЕТ МЕҢДІБАЕВ, “ҚазЕвроСтрой” ЖШС жоба жетекшісі:

– Барлық материалдар жеткізілді. Жұмыс істеуге еш кедергі жоқ. Бұған дейінгі алаң мен салынып жатқан алаңды салыстыруға келмейді. Нысанда жылыту жүйесі болады. Үстіне италиялық жабынды төселеді. Бұған дейін біздің серіктестік осындай жобаны Көкшетау, Павлодар сынды қалаларда жүзеге асырды.

Спортсүйер ағайынды толғандырған сұраққа жауап берейік. “Қарасай” стадионында қайта жаңғырту жұмыстары тамыздың 15-ші жұлдызында толығымен аяқталады. Яғни, биылғы чемпионаттағы бірқатар ойынды жергілікті футболшылар жаңа алаңда өткізбек.

 

Алдияр Айтпаев