Экология

Ормандардағы сақтық шаралары

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Жайқалып өскен бір ғана ақ қайыңнан млн-даған шырпы алуға болады. Ал бір ғана сіріңке ну орманды күлге айналдыруға қауһарлы. Оттың тілсіз жау екеніне Абай облысындағы жаға ұстатарлық жағдай дәлел. Бұл оқиға көпшілікке сабақ болуы тиіс. Орман шаруашылықтары сақтық шаралары мен материалдық базаларын күшейту қажет.

Теріскейдегі орман шаруашылықтарының тегеуріні қандай? Ағайынды алаңдатқан сұрақтың жауабын іздеп “Қызылжар” орман шаруашылығына бардық. Келгеніміз сол еді, қызу жұмыстың үстінен түстік. Аймақта трактормен жер жыртылып жатыр. Бұл іс алапат өрттің алдын алуға бағытталған.

Трактор өткен жерде қап-қара топырақ жатады. Өрт орын алған жағдайда тілсіз жау ары қарай өте алмайды. Яғни, бұл жолақ оның жайылып кетуіне кедергі болады.

РҮСТЕМ ЖАНАХМЕТОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының инженері:

– Бұдан бөлек біз жол жиегіне баннерлер мен ескерту белгілерін орнатамыз. Онда ережелер нақты жазылған. Өрт орын алған жағдайда тұрғындар бізге хабарласа алады. Телефон нөмірлеріміз сол қағаздарда жазылған. Мереке және демалыс күндері қала маңындағы ормандарда тынығушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Рейд шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Атқарылған және атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Өрт қауіпі жоғары кезеңде шаруашылық мамандары 4 бұзушылық анықтаған. Жерлестеріміз жалпыға ортақ ережені бұзған. Жыл басынан бері шарушалық аумағында екі орман өрті тіркеліпті. Тілсіз жау 4,8 гектар жерді шарпыған. Әзірге, кінәлілер анықталмапты.

РҮСТЕМ ЖАНАХМЕТОВ, “Қызылжар” орман шаруашылығының инженері:

– Автопаркте 11 трактор, 4 өрт сөндіруші және патрульдік көліктер бар. Айта кетейік, шаруашылықтың жалпы көлемі 68 мың гектардан асады. Барлығы – 75 адам еңбек етеді. Тағы 15 жұмысшыны жұмысқа алмақшымыз. Азаматтардың әрбірі 1-1,5 мың гектар аумақты бақылайды.

Орманшылардың еңбектері ерен. Оны кеше Абай облысындағы жағдай да айқындады. Бүгінде мамандардың жалақысы төмен. Бірақ, шілде айында еңбекақылары көтеріледі. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова мәлімдеді. Әзірге, қанша пайызға екені белгісіз.

 

Алдияр Айтпаев