СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі «CLAAS GROUP» компаниясының өкілдерімен кездесті

“CLAAS” неміс компаниясы бір ғасырдан аса уақыт бойы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді сапалы әрі заманауи техникамен қамтамасыз етіп келеді. Компанияның тегеурінді комбайндары жерге дән сіңіріп жүрген кәсіпкерлер арасында жақсы танымал. Ал 2021 жылдан бастап инновациялық өнімділігі жоғары техника жергілікті диқандар үшін де қолжетімді бола бастады. Себебі, зауыт ашылды. Жобаны іске асыруға ел қазынасынан 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. 3 жыл ішінде зауытта 54 млрд теңгеге 700-ден астам түрлі техника жиналды.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Осы күнге дейін қол жеткізген жетістіктеріңіз Петропавлда салынған компания үшін, жалпы қала үшін әрі қарай дамып-өркендеуіне зор ықпал етті. Сіздердің зауыттарыңызға біз барлық қажетті жағдайды жасадық, ары қарай да қолдау көрсетеміз.

Облыс алқаптарында “CLAAS” компаниясының 1 мыңнан аса комбайны жүр. Ал алғашқы доминатор маркілі көлігінің алтауы 1992 жылы сатып алынды. «Қызылжар» АЭА-да зауыт ашудың нәтижесінде солтүстікқазақстандық аграрийлер техниканы 30%-ға арзанға алып жатыр. Дегенмен, бұл жеткіліксіз. Әсіресе, ұсақ және орта шаруашылықтар үшін деді өңір жетекшісі.

ЯН-ХЕНДРИК МОР, «CLAAS GROUP» компаниясының бас директоры:

– Өзара ынтымақтастыққа өте қуаныштымыз. Жобаны іске асыруға көп уақыт пен күшімізді жұмсадық. Қажырлы еңбегіміздің нәтижесінде бірнеше жылдан бері солтүстік аймақта жұмыс істеп келеміз. Қазір құрастырылатын техниканың саны артып барады. Бұл – қуантарлық жайт. Бағаға келетін болсақ, барлық нұсқаларды қарастырып, тиімді шешім қабылдаймыз.

Айта кету керек, “CLAAS” компаниясының зауыттары Америка, Венгрия, Германия, Қытай, Үндістан мемлекеттерінде бар. Кездесу соңында неміс делегациясы облыс әкімін ынтымақтастықты нығайту үшін Германиядағы ауылшаруашылық көрмесіне қатысуға шақырды.