Спорт

Медицина қызметкерлері арасында облыстық спартакиада өтті

Жеңіл атлетика, дартс, арқан тарту, асық ату және доп лақтыру. Жастар стадионында медицина қызметкерлері спорттың 5 түрінен сынға түсті. Бұл дода мамандардың кәсіби мерекесіне арналып ұйымдастырылды.

Спартакиадаға өңіріміздің 11 мекемесінен келген жандар қатысты. Қатысушылардың бір бөлігі асық атып жатса, енді бірі қашықтыққа доп лақтыруда. Ал қыздар эстафетаға дайын тұр. Жарыс жолында – 2-ші және 3-ші қалалық емхана қызметкерлері мен Жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталық мамандары. Олар өздеріне белгіленген қашықтықты еңсеріп, қолдарындағы таяқшаны әріптесіне берулері керек. Тартысты сайыста бірінші болып мәре сызығын 3-ші қалалық емхана өкілдері кесті.

БЕКЗАТ ӘЛМҰРАТ, №3 қалалық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігері:

– 400 метр қашықтыққа жүгірдік. Бала күнімнен спортпен айналысқанан кейін маған қиын болған жоқ. 3-ші қалалық емханада жұмыс істеп жатқаныма 1 жыл болды. Емханада 200-ден аса қызметкер бар.

Допты қашықтыққа лақтыру сайысы да тартысты өтті. Мұндағы доп жеңіл болып көрінгенімен айтарлықтай салмағы бар. Қатысушыларды әріптестері қызу қолдады.

НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Медицина қызметкерлері арасында дода жыл сайын ұйымдастырылып отырады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, достықты нығайту керек. Мысалы, облыс орталығындағы мамандар мен аудандық дәрігерлер бір-бірлерімен араласып тұрғандары жөн.

Облыстық спартакиада қорытындысы бойынша Көпбейінді облыстық аурухана командасы жеңіске жетті. Жүлдегерлер кубок және грамотамен марапатталды.

 

Гульден Симбаева