Қоғам

Имантау-Шалқар курорттық аймағында 19 демалыс орны пайда болады

Солтүстік Қазақстан облысы Имантау-Шалқар курорттық аймағымен мақтана алады. Ауасы жұпар, суы мөлдір аумақта былтыр 60 мыңнан астам адам тынығыпты. Қазір мұнда 42 демалыс орны жұмыс істеп тұр. Оның 10-ы келушілерге жыл бойы қызмет көрсетеді.

НҰРЖАН САДЫҚОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазір келушілердің сүйікті орындарының бірі – “Родники”-де 2 қабатты корпус бой көтеріп жатыр. Ал “Ажар”-да үйлер тұрғызылуда. “Изумрудное” демалыс орнында да оң өзгеріс болады. Мұнда 30 жатын орны бар 2 үй салынады. Сондай-ақ, «Жемчужина»-да жыл бойы келушілерді қабылдайтын 3 коттедж тапсырылады.

Солтүстіктің інжу-маржанын дамыту, сол арқылы көпшілікке таныту – билік пен сала өкілдерінің міндеті. Қазіргі таңда бұл жұмыс жүргізіліп жатыр. Келешекте Имантау-Шалқар курорттық аймағында 20-ға тарта жаңа демалыс орны пайда болмақ.

НҰРЖАН САДЫҚОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

– Өткен жылы жер телімдеріне тендер ойнатылды. Оның нәтижесінде инвесторлар анықталды. 2025 жылға қарай Имантау-Шалқар курорттық аймағында 19 туристік нысан салынады. Ғимараттар заманауи үлгіде болады. Оларда келушілер жыл бойына демалады.

Брифингіде Нұржан Садықов қала маңындағы орындарға да тоқталды. Биыл “Абакшино” демалыс орнында күрделі қалыпқа келтіру жұмысы жүргізілмек.

 

Байболат Култанов