Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Жалпыұлттық аза тұту күні

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысындағы алапат өрттен адамдардың қайтыс болуына байланысты бүгін елімізде жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Тарих беттерін парақтайық. 2023-ші жылдың 12-ші маусымында Қазақстан өз тарихында 12-ші рет Аза тұтып отыр. Бұған дейін “Қаңтар оқиғасы” құрбандарын еске алып, қабырғамыз қайысқан болатын.

Жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты күллі Қазақстанда көк туымыз төмен түсірілді. Елдің де еңсесі түсті. Ағайын Абай облысындағы ауыр күндерді ойлап, қайғырып, мұңға батқанын айтады.

– Жағдай өте ауыр. Жүрек ауырады. 14 кісі қайтып отыр. Иманды болсын!
– Абай облысындағы халыққа көмектесу керек. Қазақстан бірлікте болу қажет.
– Мұндай апатты ешкімге тілемеймін. Алла сақтасын. Еліміз аман болсын, тыныштық болсын!

Мұндай сәтте бұқараға бірлік қажет. Жұдырықша жұмылып, көмек қолын созсақ қана шырайлы шығыстағы жағдай тұрақталады. Жақынынан айырылғандардың қайғысы сейіледі. Бұл – «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы Хамзат Қажымұратұлының пікірі.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, «Қызылжар» облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Бұл – Абайдың жері. Абай басқан жер өрттеніп жатқан кезде әрбіріміз бейжай қарамай, мұсылмандығымызды, қазақилығымызды дәлелдеу керек. Діни басқармада Зекет қоры ашылды. Жиналған қаражат зардап шеккен жандарға таратылады. Қызылжарлық бауырларымызға үндеу тастаймыз. Осы іске ат салысайық!

Зекет және қайырымдылық қорына жомарт жандар экранда көрсетілген реквизиттер арқылы ақша аудара алады. “Өрттің арты – қайыр”,- дейді дана қазақ. Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келетінін Абайдың өзі айтқаны бізге мәлім. Бірақ, шығыстағы жағдай жалпақ жұртқа сабақ болуы тиіс. Әсіресе, жасыл желегі мол өңір халқы ой түюі міндетті.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, СҚО мәслихатының депутаты:

– Жеріміздің 8 пайыздайын орман алып жатыр. Осы орманды алапат өрттен қорғау мәселесінде жіті назар аударатын жайттар бар.

Облыстық мәслихат депутаты Ербақыт Амантайды бірнеше жайт алаңдатады. Алғашқысы ауыл шаруашылығы саласына тікелей қатысты.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, СҚО мәслихатының депутаты:

– Ормандар мен егістік алқап арасында 20 метрлік қауіпсіздік аймағы болу керек. Бізде бұл талап ескерілмеген. Бұл – орман өртінің шығуына бірден-бір себеп.

Тілсіз жау адамдардың кесірінен де бас көтеріп жатады. Бұл – екінші себеп. Халық қалаулысының сөзінше, 10 орман өртінің 9-ы антропогендік факторлардың әсерінен болады. Мұның алдын алу үшін мәселе мемлекеттік деңгейде жіті қаралуы қажет деп санайды облыстық мәслихат депутаты Ербақыт Амантай.

 

Байболат Култанов