Қоғам

Елімізде тәрбиешілердің жалақысы 30 пайызға көтеріледі

“Салтанат” бөбекжай-бақшасының кірпіші 1991 жылы қаланған. Қазіргі таңда мұнда 140-тан астам ұл-қызды 12 тәрбиеші тәрбиелеуде. Балаларға арналып бар жағдай жасалған. Аулада кішкентайларды қызықтыратын дүниелерді көруге болады. Риза Елубай осы мекемеде 3 жылдан астам қызмет атқаруда. “Тәрбиеші сегіз қырлы, бір сырлы болу керек”,- дейді нәзікжанды.

РИЗА ЕЛУБАЙ, “Салтанат” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі:

– Бұл жұмыс ширақ, жанашыр болуды, сергектілікті талап етеді. Балалармен жұмыс жасау күрделі де қызықты болып келеді. Олардың көңіліне қарау керек. Яғни, ата-аналармен және балалармен жақсы қарым-қатынаста болу маңызды. Тәрбиеші жан-жақты болуы керек.

Әрине, тәрбиеші ата-анадай бола алмайды. Әр баланың көңілін табу қиын жұмыс. Риза Елубай топтағы балалар 3 жылдың ішінде ашыла білді дейді.

РИЗА ЕЛУБАЙ, “Салтанат” бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі:

– Кейбірі тұйық болады. Уақыт өте келе олардың мінезі ашыла бастайды. Тәрбиеші балаларды өзіне тарта білу қажет. Жаз уақытында балалармен ойын ойнаймыз. Ерекше балалармен де жұмыс жасаймыз. Жалақым – 112 мың теңге. 30 пайыз қосылады деген жақсы хабар естідік.

Айта кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында тәрбиешілердің жалақысы туралы сөз қозғады. Яғни, олардың айлығын көтеруді тапсырды. Енді елімізде қыркүйектен бастап 97 мың балабақша тәрбиешісінің жалақысы 30 пайызға көтеріледі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету ісін түкпілікті шешу қажет. Оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік жалақысын көбейту қажет. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуі тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн.

Қазір Петропавл қаласында 52 балабақша бар, онда 600-ден астам тәрбиеші қызмет атқарады.

 

Гульден Симбаева