Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Жарасбай Сүлейменов құрметті еңбек демалысына шықты

Қазақстанның Құрметті журналисі, облысымыздың Құрметті азаматы, мағжантанушы. Жарасбай Сүлейменов журналистика саласында талай жыл тер төгіп, көптеген шәкірт тәрбиелеп, 30-ға жуық кітап жазған. Кәсібіне деген адалдығы мен ерекше дарыны үшін оны көпшілік құрмет тұтады. Талантты теріскейлікті құрметті демалысқа шығарып салуға дос-жарандары, шәкірттері мен оның өнерін бағалайтын жандар келген. Өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров Жарасбай Қабдоллаұлының шығармашылығына тоқталып өтті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жарасбай Қабдоллаұлы – өңіріміздің дамуына көп үлес қосқан, адамгершілігі мол, беделді азамат. Ағамыз бүкіл ғұмырын журналистика саласына арнады. Біраз жылдар бойы облысымыздың қара шаңырағы – «Солтүстік Қазақстан» газетін басқарып, қазақ баспасөзін жаңа деңгейге шығарды. Оған үлкен алғысымызды айтамыз. Осы кісінің бастамасымен «Қызылжар нұры» газеті жарық көрді және «Мағжан» республикалық журналы шықты. Жалпы, Жарасбай Қабдоллаұлы – елге танымал қоғам қайраткері. Облысымыздың атынан Мәжіліс депутаты болып сайланып, Парламентке барғасын да біраз өзекті мәселелерді көтерді.

Кейін Айдарбек Сапаров ұзақ жылдар атқарған жемісті жұмысы үшін Жарасбай Сүлейменовке Құрмет грамотасын табыс етіп, иығына шапан жапты.

“Жарасбай Қабдоллаұлының еліме, ұлтыма қызмет етемін деген қайраткерлігі ешқашан басылмаған”-, дейді замандастары.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, СҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Өз басым журналист, адам, елінің патриоты есебінде қатты сыйлайтыным рас. Сондықтан да жұмыстан кеттім деп отырмайтыныңызды білеміз. Сіз жазушысыз, әлі де жазатыныңыз да, халыққа беретініңіз де мол деп есептейміз. Қоғамдық жұмыстан кетіп жатқан жоқсыз. Қоғамдық кеңесті басқарып отырсыз. Ол дегеніміз – өмірден қолыңызды үзбей жатырсыз деген сөз.

Жарасбай Сүлейменовты қауым тек журналист ретінде емес, мағжантанушы, қазақ тілін насихаттаушы ретінде ардақ тұтады. Ол – әдеби-зерттеу еңбектерінің авторы, 10 жылдан астам уақыт бойы «Мағжан» қоғамдық-саяси журналын шығарады.

ВЛАДИМИР БУБЕНКО, облыстық мәслихаттың төрағасы:

– Бүгін біз мемлекеттік тілді үйренуге талпынып жатырмыз. Жарасбай Сүлейменовты әрдайым тіл мәселесі алаңдатады. Оны шешу үшін біраз еңбек етуде. Облысымыздың құрметті азаматы бүгінде қоғамдық кеңесті басқарады. Жарасбай Қабдоллаұлы, сізге шығармашылық табыс, денсаулық тілейміз.

Жиналғандар жылы лебіздерін білдіріп жатыр.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР Құрметті журналисі, облыстың Құрметті азаматы:

– Еліміз үшін, өңіріміз, ұлтымыз үшін қызмет істеп, қазір енді зейнет демалысына алаңсыз шығып бара жатырмын. Жаңа ағаларымыз айтқандай, тағы бір толқын қалыптасты. Қымбат басымның тізгінін нұр ұстайды деп сенемін. 02,17\ Әрине, еңбек демалысына шықсақ та, газет үшін, жалпы елдегі рухани жағдай үшін алаңдаймыз.

Өз сөзінде Жарасбай Қабдоллаұлы еңбек жолын бастауда бағыт-бағдар берген жандарға алғысын білдірді.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР Құрметті журналисі, қоғам қайраткері:

– Мен өз еңбегіме өзім баға бере алмаймын. Бірақ, бір айтарым, сонау жас кезімде тағдырымды қазығын Мағжан, Смағұл қаққан қара шаңырақпен байланыстырғам. Менің алдымдағы толқын мені тәрбиелеп, ақыл-кеңес пен бағыт-бағдар беріп, бүгінгі деңгейге дейін көтерді. Көздері тірі болса, алғысымды сол кісілерге айтар едім.

Жарасбай Сүлейменовтың білімі, біліктілігі, көпжылдық тәжірибесі молынан. Ол алдағы уақытта жастарға бағыт-бағдар беріп, қолдауын аямайтынын айтты. Шара соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

 

Самал Жунусова