Ауыл шаруашылығы

Қабылданған шаралар аймақтың қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді

Түгін тартса майы шығатын теріскейдің танаптарында техника сиреді. Ал себу кешендері мүлде көрінбейді. Бұл – егіс жұмыстары аяқталғанының белгісі. Тындырылған шаруаға ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев журналистермен жүздесуде тоқталды.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі 4,5 млн гектарды құрады. Оның ішінде: дәнді дақылдар – 3,2 млн гектар, майлы дақылдар – 960 мың гектар, жемшөп – 353 мың гектар, картоп – 34,1 мың гектар, көкөністер – 6,2 мың гектар.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттің бірі. Ішкі нарықта әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тапшылығын болдырмас үшін жергілікті билік биыл алқаптардың аумағын арттырған.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Қарақұмық алқабы – 3 есеге, картоп, сәбіз, қырыққабат алқабы 2 есеге ұлғайтылды. Бұл шаралар аймақтың қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді.

Танаптағы тірлікті тегеурінді техникасыз елестету мүмкін емес. Кешендер, трактор мен күзде гүрілі естілетін комбайндар істі айтарлықтай жеңілдетеді. Соның нәтижесінде шаруа аз уақытта мәресіне жетеді.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Егіс науқанына 15 мыңнан астам техника қатысты. Агротехнологияларды жетілдіру мақсатында ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жүргізілуде. Жыл басынан бері жалпы соммасы 21 млрд теңгеге 1095 бірлік техника сатып алынды.

Диқандар жазда демалмайды. Іскер жандарды арамшөппен, өсімдік ауруларымен және зиянкестермен күрес күтіп тұр. Қазіргі таңда кейбір құрылымдар маңызды шаруаны бастап та кетіпті.

 

Байболат Култанов