Спорт

Футзалдан есту қабілеті зақымданған ерлер арасындағы ел чемпионаты аяқталды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Спорт – біріктіруші күш! Сайыс алаңында он екі мүшесі сау адам да, денсаулығында кінәраты бар жан да сынға түседі. Паралимпиада ойындары соған дәлел. Бірнеше күн болды. Петропавл төрінде есту органдары зақымданған ерлер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін – финал. Финалға өзіміздің петропавлдық ұжым мен шырайлы Шымкенттен келген команда шықты.

Қос ұжым да оңай шағылатын жаңғақ емес. Оны алғашқы таймда-ақ байқадық. Мұндай сәтте жаттықтырушы ұсынған тактика маңызды рөл атқарады. Ал тактикалық тұрғыда теріскейліктердің мысы басым. Олар қарсыластың шабуылын тоқтатып, өздері жаппай қарымта шабуылға шығады. Осылай 3 гол соғылды.

Жергілікті жанкүйерлердің қуанышында шек жоқ. Алайда, көп ұзамай өзгеріс орын алды. Алғашқы таймдағы тайм-аутта шымкенттіктер қарсыластың құлпын бұзар кілтті тапқандай. Олар алаңға шыға сала 2 гол соқты.

Дегенмен, бірінші тайм 4 те 2 есебімен аяқталды. Ал екінші кезеңде петропавлдық ұжым сауатты қорғанып әрі шабуылдап, қарсылас қақпадан 2 мәрте саңылау тапты.

СТАНИСЛАВ ФОЛЕНВЕЙДЕР, футзалдан облыс құрамасының бас бапкері:

– Ел чемпионаты 5 күнге созылды. Осы уақыт ішінде финалға шыққан ұжымдар 45 кездесу өткізді. Қарсылас ұжымды жоғары бағалаймыз. Шымкенттік команда қиын топқа түссе де өздерінің мықтылықтарын дәлелдеді. Жігіттерге алғысымды білдіремін!

Финалдық кездесу 6 да 3 есебімен аяқталды. Теріскейліктер футзалдан есту органдары зақымданған ерлер арасындағы ел чемпионатында топ жарды. Ал үшінші орынға алматылық және астаналық жігіттер таласты.

Тартысты матчта алматылықтар жеңіске біртабан жақын еді. Алайда, асық алшысынан түспеді. Кездесу аяқталуға санаулы минут қалғанда астаналықтар 2 гол соғып, жеңісті қарсыластан жұлып алды.

 

Байболат Култанов