Қоғам

Биыл Жамбыл ауданына 18 отбасы қоныс аудармақ

Астау, кесе, түрлі ұлттық бұйымдар. Бұнымен Жамбыл ауданының орталығы – Пресновка ауылының тұрғыны Сатбек Жақиянов айналысады. Ер адамның жеке шеберханасы бар. Ол тұрғындардан тапсырыс алып, өз нәпақасын табуда. Саусақтарынан бал тамған шебер 1 астау істеу үшін біраз уақыт кетеді дейді.

САТБЕК ЖАҚИЯНОВ, Пресновка ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Бір астау жасағанға 3 күн кетеді. Айлығым әрқалай, кейде 1 айда 300 мыңға дейін барады. Астанада өзімнің шеберханам болған. Бірақ, бәрі аренда болды. Сосын осы бағдарлама шыққаннан кейін туған жерге келдім. Келген кезде көтермеақы ретінде 583 мың теңге берді. Оған құрал-жабдықтарды алдым.

Сатбек Жақиянов 2 жыл бұрын “Еңбек” бағдарламасы арқылы Астана қаласынан Жамбыл ауданына қоныс аударған. Көтермеақыдан бөлек ол үймен қамтамасыз етілді. Оған айына 10 мың теңге төлеп отыру қажет. 5 баланың әкесі баспанада барлық жағдай жасалған дейді.

САТБЕК ЖАҚИЯНОВ, Пресновка аулының тұрғыны, Жамбыл ауданы:

– Үкімет үйді 7 млн теңгеге бағалады. 5 жылдан кейін бұл үйді сатып аласың немесе 15-20 жылға арендасын созуға болады. “Еңбек” бағдарламасына өтінім тастадым. 1 жұмадан кейін келіп, үйді қарап кеттім. Мамыр кезінде көшіп келдім.

Пресновка ауылында 6 мыңға жуық үй түтін түтетіп отыр. Соның 25-інде қоныс аударған отбасылар тұрады. 6 жанұя жақында ғана табан тірепті. Енді елді мекенге 10 отбасы көшіп келмек.

АЯН АЖАНОВ, Жамбыл аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– 23 отбасы өз ісімен айналысуда. Мал шаруашылығы, шаштараз, кішігірім кредит алып, өз бастамасымен айналысып жатқандар да бар. Көшіп келгені үшін әр адамға 241 мың 500 тенге субсидия беріледі. Үйде бар жағдай жасалған.

Айта кетейік, облыста 5 мың жұмыс орны бос тұр. Білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс және денсаулық сақтау саласында маман тапшы.
Жамбыл ауданында “Еңбек” бағдарламасы 2016 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Осыған дейін 900-ге жуық отбасы қоныс аударған. Биыл ауданға 18 жанұя немесе 65 адам көшіп келді. Жоспар – тағы 49 отбасыны қабылдау. Ал облысқа келетін болсақ, жыл басынан бері өңірге оңтүстіктен 260 отбасы көшіп келген. Алдағы уақытта тізім еселеп артпақ.

 

Гульден Симбаева