Қоғам

Петровка-Жаңажол-Бауман бағытындағы жолды жөндеу жұмысы биыл аяқталады

Бұл – Петровка-Жаңажол-Бауман бағытындағы жол. 65 шақырымның жөнделіп жатқанына 2-ші жыл. 2 жылдың ішінде 10-ақ пайызы жөнделіпті, әзірге. Жөндеу түрі – орташа. Жауапты мердігер – “Норд Жолдары” серіктестігі. Жол салуға 25 адам мен 15 техника тартылған. Жұмысшылар қазір қиыршық тас төсеп жатыр.

ГЕОРГ ПОГОСЯН, «Норд Жолдары» ЖШС директоры:

– Негізгі жұмыстар биыл атқарылып жатыр. Іске мамырдың 10-ынан кірістік. Жолдың 2 км-іне жаңа асфальт төседік. Жұмыс кесте бойынша жүріп жатыр. Қолданып жатқан материал – отандық өнім.

65 шақырым жерді орташа жөндеуден өткізу үшін облыстық бюджеттен 578 млн теңге бөлініпті. Жөндеу жұмысы толығымен тамыз айының соңына таман аяқталады. Ауданда биыл тағы бірнеше бағыттағы жол жөнделеді.

ЕРКЕБҰЛАН ҚАЛЕТОВ, Жамбыл ауданы ТҮКШ, сәулет және құрылыс, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы:

– Биыл Мирное, Айымжан, Железное ауылдарының жолдары жөнделеді. Жобалық-сметалық құжаттамалары дайын. Железное елді мекенінің бір өзіне 135 млн теңге бөлінді. Мердігер жөндеу жұмысына осы айда кіріседі.

Ауданда атқарылуы керек жұмыс жетерлік. Мамандардың өздерінің айтуынша жолдардың 60%-дан астамының жағдайы көңіл көншітпейді.

 

Гульден Симбаева