Қоғам

Петропавлда “Мемлекеттік қызметте адам ресурстарын дамыту” орталығы ашылды

Білікті кадр – мемлекетті тиімді басқарудың кепілі. Осы орайда Петропавлда “Мемлекеттік қызметте адам ресурстарын дамыту” орталығы ашылды. Ұйымның негізгі қызметі – мамандардың құзыреттілігін арттыру, сапалы жұмыс істеуі үшін жағдай жасау.

ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Орталық ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының базасында ашылды. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, персоналды басқару қызметі мен әдеп уәкілдері келді. Олар өздерінің қызметтік саласындағы практикалық дағдыларымен бөліседі. Барлығы – оффлайн және онлайн форматта 200 адам қатысуда.

Жиын диалог ретінде өтті. Жиылған қауым мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы талқылады. Себебі, қазіргі таңда заңнамаға көптеген өзгеріс енгізіліп жатыр. Ауқымды реформалар жүргізілуде. Сондай-ақ, мамандардың біліктілігін арттыру мәселесін ортаға салды. Қатысушылар шет елдердің мемлекеттік қызметіндегі персоналды басқарудың озық тәжірибесімен танысты.

КӨПЕЙ БАБАҚОВА, қалалық экономика және қаржы бөлімінің әдіскері:

– Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті түсіндіру сипатындағы семинарларды тұрақты өткізеді. Және бізге кадр мәселелерін шешуге көмек көрсететін болады.

Жалпы, облысымызда мемлекеттік қызмет саласындағы мамандардың саны 4 мыңнан асады.

 

Аснурия Абдула