СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Уәлиханов және Ақжар аудандарында болды

Уәлиханов ауданындағы Бидайық ауылы. Өңір жетекшісі жұмыс сапарын дәл осы елді мекеннен бастады. Жергілікті ағайынмен жүздесу жиыны демалыс орталығында өтті. Бұл нысанда ұл-қыздар вокал және би үйірмелеріне қатысады. Сондай-ақ, шахмат, тоғызқұмалақ сынды ойындар да бар. Тұрғындарға арналған мерекелік іс-шаралар да осында өтеді. Орталықты аралағаннан кейін аймақ басшысы үстел басына жайғасып, көпшіліктің мұң-мұқтажын тыңдады. Жерлестерімізді жол мәселесі жауыр қылған екен. Трассалардың сапасы сын көтермейді. Биыл бұл бағытқа облыстық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлінген. Оның басым бөлігі осы Бидайық ауылдық округына бағытталмақ.

МАҚСАТ БАЯХМЕТ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– “Өндіріс-Мырзағұл” бағытының 35 шақырымына қиыршық тас төселеді. 290 млн теңгеге материал алынды. Биыл жұмыс аяқталмақ. Бидайықтың көшелеріне 370 млн теңге бөлініп отыр. Кішкенекөл көшелеріне 250 млн теңге бөлінген.

Жалпы, ауданда атқарылар жұмыс ауқымды. Шаруаны бақылауда ұстау ісін облыс әкімі аудан басшылығына жүктеді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 5 ай жаз. Жұмыс уақытылы орындалуы керек. Су мен жолға, поликлиника мен бассейнге ақша бөлініп жатыр. Барлығын уақытында істеу керек. Мердігерлер бақылауда болсын. Жұмысты шала істеп кетпесін. Сізге сондай тапсырма береміз!

Кездесуден кейін облыс әкімі ауылдағы оқу ұясына соқты. Бидайық орта мектебінде 120 бала білім алады. Мекеме 2020 жылы күрделі жөндеу көріпті. Ол үшін 98,5 млн теңге жұмсалған. Енді жергілікті жұртшылық мектептің ескі ғимаратын қаптау керек деп отыр. Себебі, қыста нысан іші суық болатын көрінеді. Айдарбек Сапаров бұл мәселені шешу үшін қаржы қарастыратынын айтты. Уәлиханов ауданында білім беру сапасы мақтауға тұрарлық. Жыл сайын аудан түлектері ҰБТ-да жоғары ұпай жинап, облыстық тізімнің басынан көрінеді. Жұмыс сапары барысында аймақ басшысы жол жөндеу жұмыстарын қарады. Кішкенекөл маңындағы республикалық маңызға ие трассада 3 жылдық ірі жоба іске асырылып жатыр. Кішкенекөл мен Талшықты байланыстыратын 31 шақырым аралықты жаңғыртуға 19 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр.

ҚУАНЫШ ЕСКЕНДІРОВ, “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ СҚОФ директоры:

– Биылға 1 млрд теңге бөлінді. Қазіргі таңда қосымша қаржы сұратылып жатыр. Мердігер анықталды. Бүгінде жол жабындысын алу жұмыстары жүргізілуде. Ол асфальт тұрғындардың жүріп тұруы үшін айналма жолға төселіп жатыр. Учаскеде 30-ға тарта жұмысшы мен 18 техника жүр. Материал толығымен отандық. Жолдан бөлек, ірі су құбыры мен шағын көпір салынады.

Мердігер компания биыл тек жол жабындысын алып, қазу жұмыстарын жүргізбек. Бірақ, облыс әкімі тым болмаса жолдың бірнеше шақырымына асфальт төсеу қажет деді. Бұдан кейін Айдарбек Сейпілұлы Ақжар ауданына барды. Ең алдымен танапта тер төккен аграрийлермен кездесті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл бидайдың бағасы көңіл көншітпесе, табысты ет пен сүт арқылы алып шығуға болады. Сондықтан, малға көңіл бөлу керек. Мал ұстағаннан кейін жұмыс орындар құрылады. Халық жерлерін сеніп тапсырды. Жағдай жасау керек. Мемлекет жағынан көмектесуге тырысамыз.

Облыс әкімімен кездесуді Восход ауылының тұрғындары асыға күтті. Ағайынды 2 мәселе алаңдатады. Жұртшылық мәдениет үйінің акт залында жөндеу жалғасып, көшелердің жағдайы жақсарса дейді. Айдарбек Сапаров мекемені жөндеуге 90 млн теңге қарастырылатынын айтты.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биыл Мәдениет үйін берейік. Неше көшеде жөндеу жұмыстарын жүргізетінімізді көреміз. Қаржыны биыл болмаса келесі жылы береміз.

Әрине, облыс әкімінің бұл сөздері ағайынның көңілінен шықты. Кездесуде бірнеше жылдан бері жауыр болған мәселе әп-сәтте шешімін тапты.

ТӘЖІДЕН ҚАБДРАХМАН, Восход ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

– Бүгін Мәдениет үйі мен жол мәселесін шешіп берді. Бұл кездесу халықтың да, өзімнің де көңілімнен шықты.

Восходты дамытуға кәсіпкерлер де үлес қосуда. Осыдан 2,5 жыл бұрын мұндағы іскер жандардың бірі шағын маркет ашқан. Бұл жерде үйге қажеттінің бәрі бар. Ағайын керегін іздеп аудан орталығына ағылмайды. Жобаның жалпы құны – 30 млн теңге. Алдағы уақытта кәсіпкер дүкен сөрелеріне жергілікті сүт өнімін қоюды жоспарлап отыр. Айдарбек Сапаров бастаманы жүзеге асыруға мемлекет дайын екенін айтты. Ауылды өзге іскер азамат нанмен де қамтамасыз етіп отыр. Дүкенде күніне нанның 250-ге жуығы сатылады. Әрқайсысы 100 теңгеден.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жақсы, керемет. Әр ауылда осындай болу керек қой. Мен жүрген жерімде осы туралы айтып жүремін. Өзінің сүті, ауылда сатылатын наны болуы керек. Ана жерде бауырсақ – бәрі бар.

Наубайханада бауырсақ, самса, торт сынды дүниелер де сатылады. Дәмі тіл үйіретін өнімді Дарихан Құрбанова пісіреді. Нәзікжанды Алматы облысы, Шамалған ауданынан көшіп келген. Мемлекеттен 1 млн 385 мың қайтарымысыз грант алыпты. Ақшаға наубайхана бұрышын жалға алып, қазір өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

 

Алдияр Айтпаев