Құқық қорғау органдары

Интернет-алаяқтардың жаңа қулығы

Өңірде интернет-алаяқтық тыйылмай тұр. Қулар халықты қармаққа түсіру үшін кезекті тәсілді ойлап тапқан. Олар адамдарға телефон арқылы өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, жақыныңыз заң бұзды деп сендіреді екен. Қылмыстан арылту үшін ақша талап етеді.

АЛЕКСЕЙ НИКУЛИН, қала тұрғыны:

– Маған белгісіз номерден қоңырау келді. Дауысы менің бір танысымның дауысына ұқсаған соң оның атын атадым, ол “иә, мен” деп жауап қатты. Полицияға түсіп қалдым, шығу үшін ақша қажет деді. Менің таныстарымның арасында есірткіге жақын адамдар жоқ, сондықтан бұл алдау екенін бірден түсіндім. Бірақ, басында рас болып көрінді.

Халық сан соғып қалмас үшін криминалдық полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мамандар қала көшелері мен №1 емханада жаднама қағаздар таратты.

ҚҰМАРБЕК ЖОЛАМАН, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:

– Бүгін СҚО ПД қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топпен бірлесіп, облыс орталығының тұрғындарымен интернет-алаяқтықтың схемалары, жаңа түрлерін ескерту және түсіндіру бойынша профилактикалық іс-шаралар өткізілді. Бұл іс-шараның мақсаты – киберқылмыс фактілерін азайту.

Жалпы, жыл басынан бері облыста 295 интернет-алаяқтық тіркелген. Полицейлер адамдардан жақындары мен туыстарына жаңа қауіп туралы хабардар етуді сұрайды.

 

Акжунис Мухатай