Қоғам

Есіл өзені мен Пестрое көліндегі судың сапасы тексерілді

Өңірде шомылу маусымы ресми түрде осы айдың 1-інен басталды. Тұрғындар күннің ыстығында сая іздеп баратын қала маңында 2 су қоймасы бар. Бірі – Пестрое, екіншісі – Есіл. Жазда жағалауында демалушылар қатары сиремейді.
Олар судың жағдайы туралы пікірлерін әлеуметтік желіде жазды. Көптің пікірі көлге қатысты. Бірі ондағы су таза деп жатса, енді бірі шомылуға жарамайды дейді.

– Көлде шомылу мүмкін емес, суы лас, иісі мұрын жарады. Бұған кім жауапты? Тазалығын қарасаңыздар.
– Таңертең адам аз болған кезде суға түсуге болады екен, ал демалушылар көбейген жағдайда суға кіруге жүрек дауаламайды. Себебі, суда неше түрлі дүние кездеседі.
– Су таза, бәрі керемет.

Шомылу маусымы басталмас бұрын қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері су айдындарында тексеріс жүргізіпті. Мамандар Есіл өзені мен Пестрое көлінен сараптама алған. Жағажайдағы топырақ пен құм да қаралған.

ГАЛИНА ШАРИПОВА, қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

– Мамырдың 29-ы мен 30-ы күні Есіл өзені мен Пестрое көліне мониторинг жүргізілді. Біз қос жердің суын бактериялогиялық, санитарлық-химиялық, паразитологиялық, радиологиялық тұрғыда тексердік. Нәтижесі таза. Яғни, қос жағажайда да шомылуға рұқсат.

Мамандар тұрғындардан өзен-көлдерде киімдерін жуып, малды суға кіргізбеулерін сұрайды.

 

Гульден Симбаева