Қоғам

Дауылдың салдары

Әлеуметтік желіде тараған мына бейнероликтер жаға ұстатады. Петропавлдықтар кешегі болған дүлей дауылдың салдарын түсірілген бейнежазбаларды әлеуметтік желіге жарыса салып жатыр. Кеше кешке құйындатып жауған жаңбырдан Қазақстан Конституциясы көшесіндегі көпқабатты үйдің шатырынан су аққан. Пәтерлерге кірмесе де кіреберісті көп су басыпты.

ИЛЬДАР ҒАЙФУЛЛИН, қала тұрғыны:

– Төбеден құйылған суды бірінші болып көршім байқады. Бірден мені көмекке шақырды. Толассыз жауған жаңбырдан шатырдағы суағар толып кеткен екен, содан су подъезге өткен. Судың көптігі соншалық, оны тоқтата алмадық. Мамандарды шақырдық. Жаңбыр тоқтағаннан кейін судың да ағуы тыйылды. Енді подъезді жөндеу керек.

Жылдамдығы секундына 29 метрге дейін жеткен желден ағаштар құлапты. Қалалық әкімдік мамандарының айтуынша, 20-ға жуық ағаш сынған.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Қатты дауылдың салдарынан ағаштың бұтақтары сынып, аула мен көше бойына құлады. iKomek 109 орталығына мұндай өтініш 19 мекен жайдан келіп түсті. Зардап шеккендер жоқ. Қала әкімі мен әкімдік мамандары бірден қаланы тексеру жұмыстарына шықты осы дауылдың салдарын тексеруге. Соның барысында ағаш пен бұтақ құлауының 24 фактісі тіркелді. Ең бірінші кезекте ағаш пен бұтақтар автомобиль жүретін жолдардан алынып тасталды, кейін коммуналдық қызметтер осы ағаштарды шығару жұмыстарына кірісті. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр.

Біраз үйдің жарығы сөніп қалған. IKomek 109 орталығына келіп түскен 215 өтініштің 90 пайызы жарықтың сөнуіне қатысты болған.

ЭЛЬМИРА СӘДУАҚАСОВА, Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Петропавлда 13 қосалқы станциясында жарық сөндірілді. Қаланың басым бөлігіне жарық беру жұмыстары бірнеше сағат көлемінде жүргізілді. Бүгін таңертең әлі 20-шы ықшам ауданының бір бөлігі, сондай-ақ, балық питомнигінің ауданы, Промзона және Гашек пен Уәлиханов көшелерінде орналасқан бірқатар нысан әлі жарықсыз отыр.

Синоптиктер берген мәлімет бойынша 16 минуттың ішінде 18 мм-ге жуық жауын-шашын түсіпті. Дәл осындай құбылыс маусымның 10-11-і күндері қайталануы мүмкін.

 

Самал Жунусова