ТКШ

Петропавлдағы жылу желілерін жөндеуге және қалыпқа келтіруге 4 млрд теңге бағытталады

Петропавлда жылу желілерінің жалпы ұзындығы 284 шақырымды құрайды. Оның 68 пайызы әбден тозған. Қыста тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету үшін биыл 9,2 шақырым құбыр күрделі жөндеу көрмек. Оған қоса, Семашко көшесі бойында №5-ші магистраль салынады. Диаметрі 600 мм құрайтын желінің құрылысы қазір жүргізіліп жатыр. Қала әкімдігі өкілдерінің айтуынша, бұл желі Орман және Борки шағын аудандарындағы көпқабатты үйлер мен жеке секторды, сондай-ақ, құрылысы басталған әскери академия ғимаратын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді. Іске жауапты – “Петропавлспецкоммунстрой” серіктестігі. Шаруа 2024 жылы аяқталмақ.

ЕВГЕНИЙ ДЗЮБЕНКО, «Петропавлспецкоммунстрой» ЖШС басшысы:

– Жоспар бойынша біз биыл 1,2 шақырым құбырды қайта жаңартамыз. Құбырдың диаметрі 630 мм-ді құрайды. Дәл қазір жұмыс 2 учаскеде жүргізіліп жатыр. Соңғы деректерге сүйенсек, осы жердегі магистральдің 300 метрі құрылды. Ал қайта қалыпқа келтіру көзделген құбырдың диаметрі 350-400 мм болмақ. 500 метр желі жөнделді. Кестеден қалу байқалмайды.

ӘДІЛБЕК ӘУБӘКІРОВ, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– 2-ші объект – №15 жылу магистралі. Оның диаметрі 1000 мм-ді құрайды. Бұл қаланың солтүстік бөлігін және №3 мен 4-ші дамушы субаймақтарды қосымша жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Салынып жатқан жаңа емхана да соған қосылатын болады. Жалпы, жылу желілерін жөндеуге және реконструкциялауға шамамен 4 млрд теңге бағытталады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4,4 есеге көп. Жақын арада жұмыс басталмақ. Барлық жобалар 2 жылға бекітілген. Республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады.

 

 

Самал Жунусова