Қазақстан жаңалықтары

Мемлекет басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевты қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ағымдағы жылдың 5 айындағы қызметінің қорытындылары туралы, оның ішінде азаматтардың құқықтарын қалпына келтіру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есепті тыңдады. Омбудсмен кеңсесі мен оның өңірлік өкілдері аталған кезеңде азаматтардың 2318 өтінішін қарады. Артур Ластаевтың айтуынша, жергілікті жерлерде жұмысты күшейту мақсатында ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының құрамы жаңартылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ерекше бақылауында балалар мекемелерінде қатыгездіктің алдын алу мәселесі тұр. Омбудсменнің бастамасы бойынша азаптау жағдайларын тергеу жүргізілуде, құқық қорғау органдарына бірқатар арнайы ұсыныстар берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.