Қоғам

Ақжар ауданына биыл 50-ден астам отбасы қоныс аудармақ

Бақыт Әлемқұлов жұбайымен бірге Ақжар ауданына өткен жылы Алматыдан қоныс аударыпты. Жұмыспен қамту орталығының мамандары оған қызметке орналасуға көмектескен. Бүгінде жергілікті жерге үйренісіп қалған ер азамат елді мекендегі агроқұрылымда еңбек етеді. Жалақысы Алматыда алғанымен бірдей. Қолына айына 200 мың теңге алады. Оның өзі баспана жалдаудан артылмаған.

БАҚЫТ ӘЛЕМҚҰЛОВ, Горьковское ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

– Алматыда мен бір компанияда есепші болып жұмыс істедім. Алматы таулы жер болғаннан кейін денсаулығымызға жақпады. Сондықтан, осында көшіп келуді жөн көрдік. Үй берілді. Тегін берілді десе де болады, арендалық өтемі бар. 5800 теңге. Арендалық төлемін 5 жыл бойы төлеу қажет.

5 жыл өткеннен кейін баспананы сатып алуға болады немесе жалға алу мерзімін тағы 5 жылға созуға болады. Үйден бөлек көшіп келушілерге арнайы көтермеақы төленеді.

БАҚЫТ ӘЛЕМҚҰЛОВ, Горьковское ауылының тұрғыны, Ақжар ауданы:

– Әр адамға 214 мың теңгеден. Алматыдан көшіп келгенде өзіміз бен үй жиһаздарын алып келген жоқпыз. Соны алдық. Жалпы, осында тұрып жатқан жергілікті халықтың жағдайы жаман емес. Жан-жақтан көшіп келіп жатқандар бар.

“Еңбек” бағдарламасы елді мекенде 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде Горьковское ауылына 7 отбасы, яғни 35 адам көшіп келген. Бәрі тұрақтап, жергілікті жерге үйренісіп қалды. Елді мекен көркейіп келеді дейді тұрғындар. Биыл мұнда барлық көше жөнделеді екен. Жақын арада жаңа мәдениет үйінің құрылысы бастау алмақ.

НАЗЫМБЕК ҚАНТАЕВ, Үлкен Қараой округінің әкімі, Ақжар ауданы:

– «Еңбек» бағдарламасымен 7 отбасы қоныс аударды. Оларға үкімет тарапынан 7 жаңа үй, подъемный берілді. Жұмысқа орналастырдық. Бір медбике, экономист, біреуі өз шаруашылығын ашып жатыр. Қалғандары түгел жұмысқа орналастырылды. Жұмыс бар, үкімет барлық жағдайды жасап жатыр.

Биыл Горьковское ауылына тағы 3 отбасы қоныс аударады. Олардың бәрі Алматыдан көшіп келеді екен. Берілетін баспаналары дайын тұр. Үйлер 2020 жылы “Еңбек” бағдарламасы аясында салынған. Айта кетсек, Горьковское ауылында 730-дан астам адам тұрады. Барлығы – 200-ден астам үй бар. Ауданға келетін болсақ, Ақжарға бүгінге дейін оңтүстіктен 207 отбасы қоныс аударған. Олардың алтауы қайта көшіп кетіпті. Ал биыл ауданға 50-ден астам жанұя келуі тиіс. Олардың әрқайсысына биылдан бастап 70 АЕК көлемінде көтермеақы төленеді.

 

Самал Жунусова