БілімБалалар

“Жас құтқарушылар” сайысы

Қалалық 3-ші өрт сөндіру бөлімінде оқушылар мен студенттер арасында “Жас құтқарушылар” жарысы өтті. Спорттық сайыс 14 топтың басын қосты. Оның 12-сі – аудандық. Қатысушылар додаға түсуге сақадай сай. Ерекше атаумен аталған топтар өз ұрандарын да дайындап келген. Сайыстың шымылдығы патриоттық әнмен ашылды.

ЖАСМИН ТИНЕЕВА, “Батыр” командасының мүшесі, Есіл ауданы:

– Біз бұл сайысқа 1 жұмадан артық дайындалдық. Өткен жылы аудандық сайыста 1-ші орын алғанбыз. Командадағы балалардың барлығының қолынан келеді деп ойлаймын. Шығармашылық жағынан да, спорттан да біздің топ мықты. Дайындық барысында кросс жүгірдік, ағай бізге арнайы жаттығулар көрсетті, соларды қайталадық, ұлдар тартылу жаттығуын жасады, ал қыздар пресс жасады.

Жалпы, бір топ 7 адамнан құралады. Сайыс 6 кезеңнен тұрады: “Сәлемдесу”, “Газет – жарнама қалқаны”, “Өрт эстафетасы”, “Алғашқы көмек көрсету”, “Жауынгерлік жаттығу” мен “Судан құтқару”. Осының ішінде ең оңайы алғашқы аталған екеуі болмаса, өзгелері ширақтылық пен тапқырлықты талап етеді. Бір “Сәлемдесу” кезеңінің өзі 1 сағатқа созылды.

ӘСЕЛ СҮЙІНДІКОВА, СҚО ТЖД бөлімінің аға инженері:

– Бұл жарыстың негізгі мақсаты – балалар төтенше жағдай болған сәтте өзін-өзі қалай ұстау керек екенін, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету.

Топ жарған командалар шілде айында өтетін республикалық кезеңге қатысады. Өтетін жері әлі белгісіз. “Жас құтқарушылар” жарысы дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрады.

 

Акжунис Мухатай