Мәдениет

Петропавлда алматылық студенттер спектакль қойды

Шетелдік классика. Қосыла алмай кеткен қос тағдыр. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында Уильям Шекспирдің “Ромео мен Джульетта” спектаклі сахналанды. Туындыны қара шаңырақта 4 ай көлемінде тәжірибе жинақтаған алматылық бітіруші түлектер қойды. Режиссер де – жас маман. Бұл – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 5-ші курс студенті Арухан Заханованың алғашқы еңбегі.

АРУХАН ЗАХАНОВА, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті:

– Кіршіксіз таза махаббатты баяндаймыз. Тек 2 жас арасындағы ғана емес, өнерге деген махаббатты, актер мен көрермен арасындағы сезімді суреттейміз. Спектакльге бастан-аяқ өзгерістер енгіздік. Жалпы, осы өңірде өткен 4 айым студенттік шағымның ең жылы естелігі болып қалады. Алдағы уақытта осы қалада еңбек етсем деймін.

Спектакль шымылдық ашылмастан басталып кетті. Көзі қарақты көрермен сахнадағы дүрбелеңді тыңдап отырды. Жастар Ромео мен Джульеттаның рөліне талас жүргізді. Сөйтіп, қызықтың көкесі басталды. Көп актердің бет-бейнесі де көрінді. Басты кейіпкерлерді сомдайтын өнерпаздар да нақтыланды.

Италияның Верона қаласындағы бал. Қос ғашықтың алғашқы кездесуі. Ромео сүйгені Разолинаны көруге келеді. Бірақ, сол жерде Джульеттаны кездестіріп, бір көргеннен ғашық болады. Бұрымды да сері жігітті ұнатып қалады. Алайда, екеуінің әулеттері Монтекки мен Капулетти ежелден қырғиқабақ. Ғашықтар қосыла алмайтындарын біліп, кештен көңілсіз қайтады. Келесі кездесу Джульеттаның балконында болады.

Дәл осы жерде екі жаста ыстық сезім пайда болады. Тілсіз махаббат көңіл қосуға алып келеді. Ромеоның рөлін Нұрбол Мынжасаров сомдауда. Жас та болса талантты актер кейіпкермен ұқсаспыз дейді.

НҰРБОЛ МЫҢЖАСАРОВ, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті:

– Ромео табиғатыма жақын. Өте таза, мейірімді жігіт. Табиғатыма жақын болғаннан кейін бұл кейіпкерді сомдау оңай болды. Режиссеріміз айтпақшы, бұл спектакльге 111 күн дайындалдық. Жемісін көреміз. Осы театрдан алған тәжірибеміз мол. Кәсіби деңгейде бәрін үйрендік.

Көрерменді ұйытып отырған актерлер – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалдының шәкірттері. Теріскейде жүріп, тәжірибе жинақтаған студенттердің өнерін тамашалау үшін курс жетекшісі арнайы келіпті.

АЗАМАТ САТЫБАЛДЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– 20-дан астам бала осында біраз тәжірибе жинады. Студент болғаннан кейін олар театр сахнасын сезініп, қадір-қасиетін түсіну керек. Кеше ғана дайындықтарына қатыстым. Балалар өскен. Көріп қуанып қалдым.

“Мен сені құдайымды ұмытқанша сүйдім”. Махаббатты сипаттауда бұдан асқан сөз бар ма? Қос тағдыр қосылмады. Екі жас жан-жақтағы қысым мен қарсылыққа шыдамады. Ромео Джульетта өлді деп ойлап, өз-өзіне қол салады.

– Спектакль ұнады. Өте жақсы. Актерлер кейіпкерлердің образын аша білді. Өте қызықты өтті.
– Өмірімде бірнеше рет бұл спектакльді көрдім. Бірақ, бүгінгі туындының өзгешелігі бар.

Көздерінде жалын, бойларында талант тулаған жас актерлердің өнерін теріскейлік ағайын алдағы уақытта да тамашалай алады. Алматыдан келген 20 студенттің 12-сі қара шаңырақта қалып, тер төкпек.

 

Алдияр Айтпаев