Қоғам

Ақжар ауданында “Ауыл-ел бесігі” жобасы аясында жабық хоккей корты салынып жатыр

Ақжар ауданының орталығы Талшық ауылында жабық хоккей корты салынып жатыр. Нысанның құрылысы мамыр айының 10-ы күні бастау алды. Қазіргі таңда шаруаның ең жауапты әрі күрделі кезеңі атқарылуда. Яғни, іргетастың негізгі бөлігі орнатылып жатыр. Осыдан кейін бетон құйылады.

АЛЕКСАНДР ШАТИЛЕНЯ, құрылыс учаскесінің прорабы:

– Негізгі бөлігі орнатылғаннан кейін іргетас құйылып, металл құрылым бой көтереді. Хоккей кортының жалпы аумағы 2 мың 210 шаршы метрді құрайды. Ғимараттың ішінде мұз айдынынан бөлек киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелер болады.

Жаңа хоккей кортының құрылысы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 200 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Мердігер – қостанайлық серіктестік. Іске жауапты компания нысанды 3 айдың ішінде тапсыруы тиіс.

ЖАНАРБЕК ЕСЛӘМБЕКОВ, Ақжар ауданы құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Қазіргі таңда 6 адам жұмыс істеп жатыр. Оның 4-еуі фундамент бойынша, 2-еуі ішкі жұмыстарды атқарып жатыр. Жаз мезгілінде мына хоккей қорабы жасанды алаңға айналады. Яғни, балалар футбол сияқты спорт түрлерімен айналыса алады.

Жалпы, Ақжар ауданында 12 округ, 24 ауыл бар. Елді мекендердің барлығында ашық хоккей қораптары салынған. Мынау – аудан бойынша алғашқы жабық үлгідегі корт.

 

Самал Жунусова