Мәдениет

Абай мен Пушкинға арналып әдеби кеш өтті

Ұлылардың есімі ұлықталды. Бүгін Достық үйінде Абай Құнанбаев пен Александр Пушкинға арналып әдеби кеш өтті. Шарада тау тұлғалардың өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.

Рухани кешке үлкен де, кіші де келген. Көпшілік ұлы тұлғалардың өлеңдерін ұйып тыңдады.

– Қос алыпқа арналған кеш көңілімнен шықты. Пушкиннің шығармаларын бағалаймыз. Абай – өз алдына бір бөлек тұлға. Ол өз еңбектерінен бөлек қазақ халқына орыс шығармаларын таныстырды.

– Шараға өлең оқу үшін келдім. Пушкиннің шығармаларын сүйіп оқимын. Абайдың да шығармашылығын танып-біліп жатырмыз. Сабақта оның қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегін талқылаймыз.

Жалпы, мұндай шара Достық үйінде жыл сайын дәстүрлі түрде маусымның 6-сы өткізіледі. Суреттер байқауы да ұйымдастырылады. Облыс орталығының ұл-қыздары бұл жолы да Абай мен Пушкиннің шығармаларына негізделген суреттер салыпты.

НАДЕЖДА РУДИКОВА, “Қазақстанның орыс қауымдастығының” ҚБ СҚОФ баспасөз хатшысы:

– Абай мен Пушкин – мәдениет пен өнердің биі шыңы. Олар қазақ және орыс әдебиетін байланыстырып тұр. Сол себепті, қос тұлғаны бөліп жармаймыз. Екеуінің еңбектері тең дәрежеде шырқалып, орындалып жатыр.

Айта кетейік, биыл Абай Құнанбаевқа – 178 жыл, ал Александр Пушкиннің дүниеге келгеніне 224 жыл толып отыр.

 

Алдияр Айтпаев