Экология

Ыстықтың салдары

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Өңірде бірнеше күннен бері ауа температурасы 30 градустан түсер емес. Төбеден төнген ми қайнатарлық аптап ыстық біреуге жағады. Мұндай жандар көлде шомылып, жаз мезгілінің қызығына батып жүр. Ал созылмалы ауруы бар, қант пен қан қысымы төмен не жоғары адамдар бұл кезде әбігерге түседі. Денсаулық сыр беріп, бойда әлсіздік пайда болады.

Ондай кезде салқын су ішіп, көлге барудан аулақ болыңыз. Өйткені, жағдай одан сайын ушығуы мүмкін. Ақхалаттылар егде жастағы және 1 жастан асқан балаларға үйден шықпауға кеңес береді. Себебі, бұл санаттағы жандардың иммунитеті ыстықты ауыр көтереді. Жалпы, қазіргі таңда әрбір жан басына бас киім киіп, денесін қымтап жүруі тиіс. Мүмкіндігінше киім ашық түсті болғаны жөн.

АМАНЖОЛ ҚАЗИЕВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Жүрек ауруы, гипертониялық және созылмалы дертке, семіздікке шалдыққан жандар бұл күндері абай болғандары жөн. Денеде күйік іздері болса, ауруханаға бару керек. Ал бастан ыстық өтсе суық бөлмеге орын ауыстыру керек. Жағажайда жүрген жандарға айтарым, судан шыққаннан кейін көлеңкеде отыру керек. Сондай-ақ, күн сәулесіне қыздырынған сәтте ұйықтамаңыздар.

Маусымда мұндай аптап ыстық сирек болатын жайт дейді синоптиктер. Күні кеше тіпті Тимирязев ауданында ауа температурасы 39 градусқа дейін көтеріліпті. Жалпы, жағдай маусымның 8-і күні тұрақталады. Яғни, тұрғындар температураның төмендегенін байқайды. Жаңбырдың да ауылы алыс емес екен.

НАТАЛИЯ ЛЕВИНА, «Қазгидромет» РМК СҚОФ директорының орынбасары:

– Маусымның 8-і күні ауа температурасы +20-25 градусқа дейін төмендейді. Ертең өңіріміздің батыс жағында яғни, Ақжар, Уәлиханов аудандарында жаңбыр жауады. Кейін жауын басқа да аймақтарға өтеді. Маусымның соңында қайта жайма-шуақ күндер оралады. Сынап бағанасы 30 градусқа дейін барады. Шілде жауын-шашынға бай болады. Жалпы, біздің климат жылы бола түсуде. Жылдық температура нормасы да артып келеді.

Синоптиктердің айтуы бойынша мұндай өзгеріс облыспен қатар елде де, тіпті бүкіл әлем бойынша байқалып отыр екен.

 

Алдияр Айтпаев