МТРА жаңалықтары

Петропавлда мемлекеттік рәміздер күні аталып өтілді

Таңмен таласа тұрған петропавлдықтар мен қала қонақтары ыстыққа қарамай мемлекеттік рәміздер күнін атап өту үшін орталыққа жиылды. Мереке аясында суреттер көрмесі ұйымдастырылды. Қаз-қатар тізілген ғажап туындылар. Әрқайсысында көк туымыз бен елтаңба бейнеленген. Осы жерде олардың авторларымен де танысуға мүмкіндік туды. Мына тұста белгілі спортшылардың да фотосуреттері қойылған.

АЙСҰЛУ СӘРСЕНОВА, облыстық-тарихи өлкетану музейінің маманы:

– Барлығы – 20 сурет қойылды. Тұрғындарды қарсы алып, таныстыруға дайынбыз. Қызығушылық танытатындар көп болады деп ойлаймын. Себебі, әр суреттің өзіндік тарихы мен оған қатысты қызықты ақпарат бар. Еліміздің мақтаныштарының жетістіктері де көрсетілген. Мәселен, ғарышкер Айдын Айымбетов ғарышқа сапар жасап, көк байрағымызды желбіреткен. Тарихи сәттің суретін осы жерден табуға болады.

Мерекеге орай орталықта жүрген қала тұрғындары мен қонақтарына 2 мыңға жуық ту таратылды. Қолдарына көк байрағымызды ұстаған солтүстікқазақстандықтардың бойын мақтаныш сезімі кернегені анық. Барынша жоғары көтеріп, қызыға қарауда. Тартулар мұнымен таусылған жоқ. Ұйымдастырушылар мереке көпшіліктің есінде қалуы үшін ерекше дайындалыпты. Олар халыққа рәміздер бейнеленген тәтті тоқаштар үлестірді.

– Барша солтүстікқазақстандықтарды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
– Еліміз көркейіп өсе берсін.
– Әрқашан рәміздерімізді құрметтеп жүрейік.

Думанды жиын концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Көрермендерге ән мен жырдан шашу шашылды.

МҰХАМЕДӘЛІ ИСПАНОВ, қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі:

– Бүгін елімізде ұлық мереке. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Ту, Елтаңба, Әнұран – ұлт мақтанышы. Осы орайда, барша қазақ жұртын мерекемен құттықтаймын. Мерекеге орай қалалық мәдениет үйі керемет концерттік бағдарлама ұсынып жатыр. Өнерімізді барша жұртшылыққа паш етеміз. Мерекеде тұрғындарға қуаныш сыйлап жатырмыз.

Мерекелік концерт түс ауа аяқталды. Сахнада 20-дан аса ән шырқалып, би биленді.

 

Аснурия Абдула