Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі өңір тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады

Көк тудың желбірегені жанға қуат береді. Облыс орталығында рәміздер күні ерекше форматта аталып өтілді. Әнұран асқақтаған мейрамның таңын жерлестеріміз жаппай жүгіруден бастады. Тәуелсіздік стеласы мен Ағынтай мен Қарасай ескерткішінің алдына солтүстікқазақстандықтар көптеп жиылды. Кейін көпшілік қалалық әкімдікке қарай жүгіре жөнелді.

Шараға жеңіл атлетші Ирина Эктова да қатысып жатыр. Өңіріміздің белді спортшысы бүтіндей бір топты бастап келеді.

ИРИНА ЭКТОВА, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Бүгін барлығымыз үшін ерекше күн. Осындай жаппай жүгіру шарасы өткізіліп жатқаны құптарлық іс. Бізге қарап өсіп келе жатқан ұрпақ бой түзейді. Патриоттық сезім қалыптасады. Өз бойымда Отансүйгіштік спортқа келгелі күшейе түсті.

Екі жақтан жүгірген спортшылар қалалық әкімдіктің жанында бас қосты. Бір тудың астында ағайын мерекені тойлауға кірісті. Бірінші кезекте жанға қуат берер әнұран шырқалды. Көк туымыз көкке көтерілді.

Шараға облыс әкімі Айдарбек Сапаров қатысты. Өңір жетекшісі жерлестерімізді осынау айтулы күнмен құттықтады.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– ҚР Мемлекеттік рәміздері – бұл егемендік пен тәуелсіздіктің, халық бірлігінің артибуты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқандай, қасиетті нышандарымызда қазақтың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тұтасқан. Ту халқымыз үшін қашан да ерлік пен елдіктің символы саналған. Көк түріктің заманында бабаларымыз бөрілі байрақтың астында топтасты. Қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды. Ел бірлігі бекемделді. Ал өткен ғасырда арыстарымыз ала туының астында “Күн сөнгенше сөнбейміз” деп халыққа жігер берді. Біздің мемлекеттік рәміздеріміз мәңгі төрден түспесін. Әлемнің бай елдерімен, тереземіз тең, еңсеміз биік, мәртебеміз асқақ болсын.

Құттықтау сөзден кейін облыс әкімі бірнеше жерлесімізге Құрмет грамотасын табыстады. Марапатқа мемлекетімізді дамытуға өз үлестерін қосқан жандар ие болды. Солардың бірі – Жәмилә Досова. Ардагер ұстаз ұрпақ тәрбиесіне өмірінің 40 жылын арнаған.

ЖӘМИЛӘ ДОСОВА, ардагер ұстаз:

– Нағыз патриот, асқақ рухты ақын Мағжан Жұмабаевтың елінен келіп тұрмын. Бүгін сондай тамаша күн. Кең байтақ даламыздың рәміздер күні. Бәрі құтты болсын. Қай уақытта патриот тәрбиеленеді? Бала Жамбыл мен Мағжанның жырын естіп өссе, Шоқанды танып білсе нағыз патриот болады. Қазақстанымыз мәңгі жасасын. Тек алға.

Орталық алаңда мерекелік түрлі шаралар ұйымдастырылды. “Патриоттар форумы” атты арнайы концерт те өтті.

 

Алдияр Айтпаев