Спорт

Есту қабілеті бұзылған жандар арасында футзалдан ел чемпионаты бастау алды

Облыс орталығында есту қабілеті бұзылған спортшылар арасында футзалдан республикалық чемпионат бастау алды. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 17 команда қатысып жатыр.

Бірінші болып ортаға петропавлдық және ақтөбелік футзалшылар шықты. Солтүстіктің намысын «Үміт» құрамасы қорғауда. Жергілікті ұжымның шеберлігі сырт көзге бірден байқалады. Алаңда бір-бірін жақсы түсініскен олар қонақтардың қақпасына 4 гол соқты. Ал өздері 1 доп өткізді. Осылайша, алғашқы матчта жеңіске жетті. Команда мүшесі Бауыржан Магазовтың айтуынша, жігіттер осы жарысқа бірнеше ай дайындалыпты.

БАУЫРЖАН МАГАЗОВ, «Үміт» құрамасының мүшесі, СҚО:

– Футбол ойнаған ұнайды. Осы құрамада өнер көрсетіп жүргеніме 8 жыл. Бұл жарысқа жігіттермен барынша дайындалдық. Жерлестердің сенімін ақтауға тырысамыз.

«Үміт» спорт клубының ашылғанына биыл – 13 жыл. Қазір клубтың футзал командасында 40-тан астам жігіт бар. Қоса кетейік, елімізде есту қабілеті бұзылған адамдар арасында доп додасы жыл сайын ұйымдастырылады. Ағымдағы жылы таңдау Петропавлға түсіпті.

БАУЫРЖАН ҚҰЛЖАНОВ, СҚО мүгедектер спорты федерациясының вице-президенті:

– Бұрын 12-15 команда қатысатын. Биыл 17 құрама қатысып отыр. Былтыр Шымкент қаласында өткен спартакиадада командамыз 2-ші орын алды.

Бүгін Петропавлда бастау алған чемпионат 5 күнге созылады. Яғни, жеңімпаз маусымның 9-ы күні анықталады.

 

Гульден Симбаева