МТРА жаңалықтары

Үздік орта білім беру ұйымы анықталды

Облыс орталығында “Орта білім берудің үздік ұйымы” конкурсы өтті. Облыс әкімінің гранты сарапқа салынған сайысқа 16 оқу ұясының басшысы қатысты. Оның 13-і – аудан, ал қалғаны қала мектептерінің директоры.

ДУМАН ЗАКИРИН, білім саласындағы әдістемелік және ақпараттық технологиялар орталығының бөлім басшысы:

– Қатысушылар – аудандық кезеңнен сүрінбей өткендер. Аудандарда 40-50 ұйым сынға түсті. Байқаудың мақсаты – педагогтардың ең үздік тәжірибелерін анықтау және тарату.

Қатысушыларға ортақ талап қойылған. Мамандар өз ұйымы қызметкерлері мен оқушыларының соңғы 3 жылда жеткен жетістіктерін жіпке тізеді. Техникалық мүмкіншілікті баяндайды. №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының директоры Мария Ісмағұлованың ауыз толтырып айтары бар. Өзі басқаратын мекеме жыл сайын көркейіп келеді. Ұл-қыздар да жаңа жетістіктермен қуантуда.

МАРИЯ ІСМАҒҰЛОВА, №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының директоры, Айыртау ауданы:

– Мектепте 778 оқушы бар. 93 мұғалім еңбек етеді. Конкурс ережесімен таныстық. Барлық 11 критерий бойынша сай келеміз. Біздің оқушылар облыстық пәндік олимпиадада топ жарып, республикада жүлделі орындарға ие болды. Білекті оқушыларымыз Франция мен Қырғыстанда көк туымызды желбіретті. Роботатехникадан 2 үйірме бар.

Жеңімпазға берілетін жүлде 56 млн теңгеден асып жығылады. Қыруар қаражатты мектеп басшылығы мекеменің әлеуетін жақсартуға бағыттайды. Жалпы, бұл конкурс елімізде 2014-ші жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Өткен жылы өңірімізде Бескөлдегі “Парасат” мектеп-лицейі топ жарды.

 

Алдияр Айтпаев