Балалар

Петропавлда балалар мінген әткеншек жерге құлады

Кеше кешке Петропавлдың орталық саябағында жаға ұстатарлық оқиға болды. Мұнда “Жұлдызқұрт” әткеншегі істен шығып, балалар мінген бірнеше кабина жерге құлаған. Салдарынан бірнеше ұл-қыз дене жарақатын алды. Олар медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберіліпті. Болған жайтқа қатысты бүгін “Мир аттракционов” серіктестігінің басшылығы әлеуметтік желі арқылы түсініктеме берді. Жазбаға сүйенсек, әткеншек жоғары температура мен үлкен жүктемеге шыдас бермей істен шыққан. Жақын арада облыс орталығына Астанадан сарапшы маман келіп, мән-жайды анықтамақ. Оған дейін “Жұлдызқұрт” әткеншегі іске қосылмайды.

Саябақта жарақат алған ұл-қыздар шұғыл түрде облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер жүргізген тексерістен кейін 3 пен 12 жас аралығындағы қала тұрғындарын үйлеріне жіберу жайлы шешім қабылдапты. “Жаз – балалар үшін өте қауіпті кезең. Жылдың бұл мезгілінде кішкентайларды назарсыз қалдырмау қажет”,- дейді травматолог-ортопед дәрігер Шыңғыс Нұрғалиев.

ШЫҢҒЫС НҰРҒАЛИЕВ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының травматолог-ортопед дәрігері:

– Ауруханаға жарақат алған 5 бала келіп түсті. Оның үшеуі жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Ал екеуін ата-аналары әкелді. Алған жарақаттары ауыр емес. Балақайлардың ауыз және мұрын қуысы мен иек бөліктері жарақаттанған. Дереу алғашқы көмек көрсеттік. Толық тексергеннен кейін үйлеріне жібердік. Қазір үй жағдайында емделіп жатыр.

 

Гульден Симбаева