Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Әсем Рахметова Сенат депутаты болып сайланды

Облыс орталығында ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына сайлау өтті. Саяси додада түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары өз таңдауларын жасады. Жасырын дауыс беру таңғы 10-да басталды.

САҒЫНДЫҚ РАХЫМЖАН, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі:

– Сайлау датасы белгіленгеннен кейін ҚР Парламент Сенаты депутаттығына 7 кандидат ұсынылды. Ол кандидаттың біреуі тіркеуге дейін өз кандидатурасын қайтарып алды. 1 кандидат Конституцияның заңына сай келмеді. Тағы біреуі тіркеуге қажетті құжаттарды ұсынған жоқ. Екеуі сайлаудың алдында өз кандидатураларын өз еркімен алып тастады.

Осылайша саяси додада Әсем Рахметова мен Рауза Қасенова қалды. Өңірде жалпы 193 мәслихат депутаты бар болса, бүгінгі сайлауға олардың 180-і қатысты. Өңірдің әр ауданынан жиналған халық қалаулылары қос кандидатқа да зор үміт артатындықтарын айтты.

МАҚСАТ ҚҰДРАТУЛЛАЕВ, облыстық мәслихат депутаты:

– Бүгін біз Мәжіліске депутат сайлауға жиналдық. Кандидаттардан үлкен жұмыс күтеміз. Сайлауалды бағдарламаларымен таныстық. Бағдарламалары өте ауқымды. Алға қойған мақсаттары да зор. Сондықтан, облысымызға шын жүректен еңбек істейтін адамды таңдаймыз деп ойлаймын.

Сайлаудың қорытындысы бойынша 180 дауыс берушінің алтауы барлық үміткерге қарсы екендігін білдірген. Ал, 134 депутат Әсем Рахметоваға дауыс беріпті. Қалғаны Рауза Қасенованы қолдаған.

ӘСЕМ РАХМЕТОВА, ҚР Парламент Сенаты депутаттығына кандидат:

– Үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, аудандарды аралаған кезде қобалжыған көңілге өз қолдауларыңызды білдіріп, демеу көрсеттіңіздер. Көптеген мәселені өздеріңізбен талқыладық. Соның бәрін бірлесе шешу керек. Жоғары палатада қызмет ету жауапкершілігі зор қызмет екенін біліп отырмын. Алдағы уақытта күш-жігерім жеткенше, көптеген мәселені шешуге, шамам жеткенше облысқа өз қолдауымды көрсетуге әзір екендігімді сіздерге жеткізгім келеді.

Әсем Рахметова – СҚО тумасы. Сан салада еңбек еткен. Бірнеше жыл көлемінде«AMANAT» партиясы қатарында еңбек етіп келеді.

 

Алдияр Айтпаев